418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19 вирусы Еуропаны жайлап бара жатыр

  • 321
  • UPD: 11:53, 26.02.2020

Қытайдың Ухань қаласынан шыққан коронавирустан әлем бойынша 2 мың 700-ден астам адам көз жұмды. Ал науқас жандардың саны 80 мыңнан асты.

Соның 2 мың 459-ы Қытайдан бөлек яғни өзге елдерде дертке шалдығып, 34-і қайтыс болды. Қазір коронавирус жаһанның 35 мемлекетінде тіркелді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі осындай. Жуырда аталған ұйымның бас директорының көмекшісі әлем елдеріне осы вирусқа  шалдыққандар үшін арнайы орын әзірлеп, кез келген жағдайға дайын болу керектігін ескертті.  

Брюс Эйлвард, сарапшы, ДДСҰ Бас директорының көмекшісі:

- Індет бірнеше елде тез таралып жатыр. Пандемияға жеткізбеу үшін мәселені шұғыл шешуіміз керек. Алдағы уақытта вирустың қандай мінез көрсететін нақты ешкім айта алмайды. Дертке қарсы вакцина дайындалып жатыр. Ел ішінде үрей тумауы тиіс. Науқастарды оқшауландырып, емдеп, аман алып қалуымыз керек.

Соңғы мәлімет бойынша COVID-19 дерті  енді Швейцария, Австрия мен Германияда да алғаш рет тіркелді. Швейцариядағы 70 жастағы науқас таяуда Италия мен тағы бірнеше елде болған екен. Италия болса кәрі құрлықтағы коронавирустың кең етек жайып бара жатқан елге айналды. Онда осы кеселден көз жұмғандардың қатары 11-ге жетті. Ал науқастардың саны 283-тен асты. Жағдайдың күрт өзгеруіне қатысты күні кеше ғана Италияда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мен Еуроодақ елдерінің денсаулық сақтау министрлері Рим қаласында бас қосты. Тараптар аймақта вирустың таралмауы үшін қолға алатын тиісті шараларды пысықтады. Сонымен қатар билік өкілдері өз елдерінің азаматтарына Италияға бармауға кеңес берді.

Хабар 24 телеарнасы