411,72 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балаңыз химиялық сұйықтық ішіп қойған жағдайда не істеуге болмайды

  • 280
  • UPD: 20:56, 26.02.2020

Қарағанды облысында балалардың ауыз қуысы мен өңешін күйдіріп алу фактілері жиілеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек өткен жылдың өзінде 47 бүлдіршін осындай диагнозбен ауруханаға түсіпті.

Олардың барлығы да – абайсызда тазартқыш сұйықтық сірке суы немесе ацетон ішіп қойғандар. Мұндай жағдайда ең әуелі не істеу қажет?

Бір жастан енді ғана асқан Ратмираның жағдайы өте ауыр. Үш ай бойы жансақтау бөлімінде жатқан сәби енді ғана есін жиған. Бала ұйықтап жатқанда анасы далаға көмір әкелуге шығып кетеді. Санаулы минуттарда үйге кірсе, Ратмира оянып, пеш тазалауға арналған химиялық сұйықтықты ішіп қойған.

Кристина Эйхман, Осакаров ауданының тұрғыны:

– Мен үйде шамамен 2 минут ғана болмадым. Ратмира химиялық сұйықтықты тамақ ішіп жүрген құтысымен шатастырып алған болуы керек. Екеуі де сары түсті, ұқсас еді. Жүгіріп барсам, ауызынан қан аралас көбік шығып жатыр. Зәрем қалмады. Бір өкпесі қатты зақымданған, енді өңешін ауыстыру керек.

Ратмираға енді бір жыл бойы оңалту курсынан өту керек. Дәрігерлердің айтуынша, химикат ішкен балалардың тең жартысының жағдайы ауыр. Өңешін қатты күйік шалғандықтан, көпшілігі тамақты түтікше арқылы ішеді. Оларға кейін операция жасау керек.

Талғат Елубаев, облыстық клиникалық аурухана дәрігері:

– Әдетте тамағын күйік шалған балалар 2-3 ай ауруханада жатады. Кейін оңалту крусынан өткен соң, 2-3 жыл бойы әр ай сайын өңешін кеңейтуге келіп тұрады. Әрі қарай емдеу шараларын жүргіземіз.

Балалар үшін ең қауіптісі түрлі заттарды тазалауға арналған химиялық сұйықтық екен. Егер балаңыз оны байқаусызда ішіп қойса, өз бетінше ем қолдануға, ұлтабарын шаюға мүлдем болмайды дейді дәрігерлер. Ондай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан абзал.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы