447,60 487,00 5.70

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус: қазақстандықтарға қай елдерге баруға тыйым салынады

  • 401
  • UPD: 20:53, 26.02.2020

Еліміз бірқатар мемлекетке әуе рейстерін шектейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себеп – коронавирус. Сақтықта қорлық жоқ. Наурыздың бірінен бастап кей ұшақ қатынастары тоқтайды, біразының саны қысқарады. Сонымен қай жақтарға баруға тыйым салынбақ?

Коронавирус жаһанды жайлап барады. Әуелде Қытайдан басталған дерт бұл елде қазір аз да болса бәсеңдеген. Есесіне Еуропада үдеп барады. Италияда аталған инфекциядан 10 адам көз жұмды. Иранда да ахуал алаңдатарлық. Бұл мемлекетте вирус 42 адамнан анықталған. 12-сі көз жұмды. Сақтық үшін еліміз наурыздың бірінен бастап Иранға әуе қатынасын уақытша тоқтатады. Жапонияға баратын екі рейстің біреуіне шектеу қойылады. Көктемнің бірінші күнінен Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында да ұшақ рейстері азаяды. Мәселен, қазір аптасына 9 рейс қатынаса, енді үшеуге дейін қысқарады. Себебі Кореяда осы кезге дейін коронавирус 10 адамның өмірін қиған.

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ комитеті төрағасының орынбасары:

– Біз бірінші категорияға тағы бірқатар елді енгіздік. Бұрын тек қана Қытай болса, қазіргі таңда бұл тізімге Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран және де осы Қытайдың арнайы әкімшілік аймақтары Гонконг, Тайвань, Макао енгізілді. Бұл шешім әлімдегі жағдайдың күрделі екенін көрсетіп жатыр.

Бас санитарлық дәрігер айтады. Коронавирус дендеп бара жатқан Корея, Иран, Жапония сынды елдерден азаматтарымыз бірінші наурызға дейін елге оралғаны ләзім. Әсіресе Иранда жүргендердің Отанға қайтқаны жөн. Себебі санаулы күннен соң Иранға ұшақ уақытша бармайды да, келмейді де.

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ комитеті төрағасының орынбасары:

– Оңтүстік Кореяда 34 мың, Жапонияда 180, Иранда 170-ке жуық азаматымыз бар.

Аталған елдерге алдын ала билет алып қойғандардың ақшасы толық өтелмек. Мұның бәрі аурудың алдын алу үшін атқарылып жатқан шаралар.

Ал коронавирусқа ем болатын вакцина қашан пайда болмақ? Бүгінде Ресей мен Қытай бірігіп, вирустың дәрісін әзірлеуді қолға алған. Оның технологиясы да қиынның қиыны екен. Шығыны көп. Оның үстіне уақыт та аз. Вакцина дайындауға кем дегенде бір, бір жарым жыл қажет.

Сондықтан ауырмаудың жолын іздемек керек. Негізгі жолы – санитарлық тазалық пен дезинфекция. 

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ комитеті төрағасының орынбасары:

– Мектеп, медициналық ұйым болсын, оларға қосымша қаражат бөлініп жатыр. Бірақ дезинфекциялық препараттарды алу көп шығын емес. Ал қоғамдық нысандарда гигиена бойынша міндетті түрде сұйық сабын, қағаз орамалдар болуы тиіс.

Бас санитарлық дәрігердің коронавирусқа байланысты жаңа қаулысы шықты. Құжатта сақтық шаралары қамтылған. Қаулы наурыздың бірінен күшіне енеді.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы