425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейбіт жиындар өткізу туралы жаңа заң жобасында қандай жаңашылдық бар

  • 574
  • UPD: 20:57, 26.02.2020

Кез келген митингіде қойылатын басты талап – қоғамдық тәртіптің сақталуы.

Сосын өзгелердің өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын жағдайларға жол берілмеуі тиіс. Нәсілшілдік, ұлттық, әлеуметтік және діни алауыздыққа тыйым салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиындар өткізу туралы заң жобасын қоғамның талқысына ұсынған еді. Қазір жер-жерде қызу пікірталас жүріп, қоғамдық ұйым өкілдері өз ойларын айтып жатыр.

Қолданыстағы заңда митинг пен пикеттің және өзге де жиындардың аражігі ажыратылмаған. Ал жаңа жобада жіктеп жазылды дейді министрлік өкілдері. Мысалы, пикет пен 250 адам жиналатын бейбіт митингте ескертумен шектелуге болады. Белгіленген уақыт аралығында атқарушы органдардан жауап болмаса, өткізуге тыйым салынбайды. Ал жиынға 250-ден көп адам келеді деп жоспарланса, биліктің арнайы рұқсаты керек. Жер-жерде өтіп жатқан талқылауларда осындай өзгерістердің нақты сипаттамасы түсіндірілуде.

Данияр Есин, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:

– Қоғам өкілдерінен, еліміздің азаматтарынан бейбіт жиындар өткізу тәртібі туралы заң жобаны жетілдіру туралы ұсыныстар қабылдадық. Бірқатар ашық диалог алаңдарын ұйымдастырдық. Алматы, Қарағанды, Павлодарда және өзге бе өңірлерде өтті. Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше рет кең көлемде өткізілді. Талқылауларға құқыққорғаушылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, заңгерлер қатысуда.

Вице-министрдің айтуынша, қоғамдық кеңестердің ұсыныстары мен министрлік жасаған жобада айырмашылық көп емес. Сондықтан бір шешімге келуге болады. Бастысы – заң мен қауіпсіздіктің сақталуы дейді. Сол үшін жергілікті билік арнайы орын ұсынуы тиіс.

Марат Башимов, заңгер:

– Осындай шерулер өткізген кезде жүргізушілердің құқықтарын бұзбауға тырысу керек. Ол үшін сен рұқсат сұрауға тиіссің, қашан, қай жерде. Бұрын жолдарда бір-екі көлік жүретін, қазір көлік адамдардан да көп. Сол үшін ортақ арнайы орындар дейміз, сондай нәрселерді қолдау керек. Онда бәрі дайын, қауіпсіздік бар.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

–  Заңды қолдаушылар да бар, заңға белгілі бір сын айтушылар да бар. Менің ойымша, бұл заң болашақта біздегі қоғамдық-саяси процестерді дұрыс реттеу үшін бұл заңды сынаушылардың да, қолдаушылар да үні естілуі тиіс. Ол үшін қазір барлық фундамент бар.

Жаңа жобада «жүргізуші» мен «қатысушы» статусы сияқты жаңа ұғымдар бар. Сондай-ақ бейбіт жиында өз ойын ашық білдіруге, суретке түсіріп, бейнетүрілім жасауға да рұқсат етілген. Жобаны талқылауға жиналғандар заңда әр тараптың әрекеті мен іс-қимылы ашық көрсетілуі тиіс дейді. Және ол жалпыға түсінікті болуы қажет.

Марат Қоғамов, заң ғылымдарының докторы:

– Басты мәселе – егер митинг өткізуге рұқсат етілмеген жағдайда оның нақты себебі дәлелдермен көрсетілуі тиіс. Ол түсінікті етіп жеткізілуі керек. Сондай-ақ бейбіт шеру уақытша немесе толық тоқтатылатын жағдайдың да себептері нақты айтылуы қажет. Бұл өте маңызды. Түсініспеушілік болмауы тиіс. Сондай-ақ рұқсат етілмеген минтинг өткізілетін болса, билік пен полиция қандай әрекет етуі керек? Міне, осылардың бәрі анық болуы тиіс.

Министрлік өкілдері митингілер өткізуді реттейтін заң жобасы халықаралық стандарттарға сай жасалғанын айтады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы