411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Нұр-Сұлтан – Павлодар» автобанын қардан тазалау жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр

  • 220
  • UPD: 12:43, 27.02.2020

«Павлодар – Нұр-Сұлтан» автобанының бойына жиналған қардың биіктігі кей жерлерде екі метрге жуықтайды.

Соңғы кездері толассыз жауған қар мен боранның салдарынан жағдай қиындап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көліктердің кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету үшін үйілген қарды шығаруға ауыр техника тартылған. Жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр.

«Нұр-Сұлтан – Павлодар» автобанында қауырт жұмыс. Жолдағы қардың күреліп жатқанына екі айдан асты. «Қардың осыншама көп мөлшері бұрын-соңды болмаған», - дейді жолға қарайтындар. Үйілген қарды шығаруға тіпті ауыр техниканың өзі шыдас бермей жатыр.

Мейіржан Жалмұханов, «Қазақавтожол» ЖШС жолға қызмет көрсету учаскесінің басшысы:

Қар өте тығыз, техника ала алмайды. Сондықтан бірінші қопсытып барып тиейміз. Жолдың осы бөлігінде көлік қозғалысы тым жоғары. Ол біздің жұмысымызға кедергі келтіреді.

Биыл ауа райының қолайсыздығынан қыс мезгілінде Павлодар облысында 44 рет жол жабылыпты. Оның 22-інде көлік қозғалысына шектеу басқа облыстардағы жағдайларға байланысты қойылған. Бірақ биылғы жұмыс ауқымы адамдарды әбден титықтатқан. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі. Материалдық ресурстар жеткіліксіз. Үйілген қарды жинайтын орын жоқ. Бұл жолдардың тарылуына әкеп соқты.

Талғат Қайратхан, Жол активтері ұлттық сапа орталығының ПОФ директоры:

- Техникаларға норматив берген, сол бойынша бір жол көліктері 25 шақырымға болуы керек. Бүгінгі күні біздің облыста осы санатқа сәйкес 60 бірлік болуы керек. Бірақ, өкінішке қарай, бізде 35 қана бар, жеткіліксіз. Оның өзінде де 60-қа жеткізсе де, осындай аномальнді ауа райына байланысты осы қармен күресу қиынырақ болып тұр қазір.

Жол сапасын бақылау орталығы алаңдаса, алаңдайтындай. Республикалық маңызы бар автобаннан қарды дер кезінде шығарып үлгермесе, бұдан да қиын жағдай туындауы мүмкін. Егер күн күрт жылынып кетсе, еріген  қар суы жолдың үстімен өтеді. Ал құны қымбатқа түскен жаңа жолдың зақымданбасына кім кепіл.

Жуаныш Жарықбасов, «Қазақавтожол» ЖШС ПОФ директоры:

Жалпы 145 дана мекемеде техника болса, қысқы маусымға 86 дана жұмылдырылған. Сонымен қатар жалға алу техникаларды бүгінгі күнге соңғы үлгідегі бес КАМАЗ тартылып,  бүгінгі таңда жолды қардан тазалау жұмыстары толық көлемде кедергісіз жағдайда жүргізілуде.

Бүгінгі күні жалпы ұзындығы 30 шақырым жолды қар басып жатыр. Ондай жерлерде жүргізушілер бір бағытпен қатынауға мәжбүр.

Республикалық маңызы бар жолдардағы мұндай олқылықтарға әкімшілік жаза қолданылады. Заңға сәйкес бораннан кейін 4 сағат ішінде жолдар ретке келтіруі тиіс. Ал үдеден шыға алмаған ұйымдарға айыппұл салынды. Бүгін полиция қызметі ондаған хаттама толтырды.

Жол бойындағы қызметтерді пайдалануға да мүмкіндік жоқ. Барлығы қалың қардың астында қалған.

Қуаныш Дүйсекеев, «Қазавтожол» АҚ ҰК сапаны бақылау бөлімінің басшысы:

- Инфрақұрылымдардың бәрін қар басып жатыр. Бүгінгі таңда қарапайым дәретханаға баратын жол жоқ.

Жолға жүргізілген рейд барысында Ақмола облысының шекарасын кестік. Ол жақта қардың көбесі де сөгілмеген. Жүргізушілер ең төменгі жылдамдықпен жүруге мәжбүр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы