427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана ЛРТ» компаниясының атауын өзгертудің себебі неде?

  • 310
  • UPD: 20:50, 27.02.2020

18 жасқа дейінгі елордалықтар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Ал «Астана ЛРТ» компаниясы сити транспортейшн системс, бір сөзбен айтқанда «Си Ти Эс» деп аталатын болды. Ребрендингке не түрткі болды? Жаңашылдық тарифке қалай әсер етеді?

«Астана ЛРТ» компаниясының жаңа логотипі бұл. Авторлардың айтуынша, бір қарағанға автобусты еске салады, ұзын жолды да елестетуге болады. Ал жасыл түс дамудың белгісі. Логотип ғана емес, компанияның атауы да өзгерген. Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердиновтың айтуынша, басты мақсат халыққа қауіпсіз әрі тез қызмет көрсету. Жаңа тариф те соған сай ыңғайланған. 

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Жолақы бұрынғыша қалады. Тек бір, 3, 5 және 15 күндік жол жүру билеттерін алу мүмкіндігіңіз туып отыр. Бағасы 500 бен 4000 теңге аралығында. Ал айлық жол жүру билетін 10,13 мың теңгеге ала аласыз. Есесіне қоғамдық көлікпен қанша жүрсеңіз де өз еркіңізде. 

Бастысы, елорданың 18 жасқа дейінгі тұрғындары қоғамдық көлікте тегін қатынайтын болады. Бұл жаңашылдық наурыз айының соңында енгізіледі. 

Бекмырза Игенбердинов, тасымалдаушы компанияның басқарма төрағасы:

- Қала бойынша 130 мың оқушы қоғамдық көлікпен қатынайды. Тасымалдаушылар ай сайын 30 млн теңгеден қағылады. Бірақ бұл бағыт субсидияланбайды. Әкімдік, мәслихатпен әлі де сөйлесетін боламыз. Әзірге субсидия жеңілдігі бар категориялар үшін ғана төленеді. Келесі кезеңде студенттердің де жолақысы бойынша жұмыс істейтін боламыз. Қазір ЖОО-лармен келісіп жатырмыз. 

Кәмелеттік жасқа толмағандар құны 500 теңге болатын атаулы көлік картасын алуға міндетті. Бұл жолаушылар тасымалын бақылау үшін қажет. Әзірге оқушылар қоғамдық көліктерде 40 теңгемен қатынап жүр. Демек, бұл жаңашылдық  көптеген отбасы үшін көмек болары хақ.

БЛИЦ 

- Жақсы ғой енді балаларға. Өйткені оларда жұмыс жоқ. Ата-аналардың кейбіреулері жұмыс істемейді. 

- Проезді көтеріп жіберді ғой. 180-мен жүріп жатырмыз. Студенттер ғой қазір 18-де. Студент балаларға дұрыс болды. 

- Бұл жаңалық әсіресе көп балалы отбасыларға жақсы болды. Бала мектептен бөлек, түрлі үйірмелерге барады. Оның бәрі қалтаға салмақ салары анық. 

«Елорда көлік кешенінің дамуы: кеше, бүгін, ертең» деп аталған көрме-конференцияда компанияның сандық технологияларды пайдалануға көшкені айтылды. Биыл 100 жаңа электробус алынады. Ал төлем жүргізу 6 мобильді қосымша негізінде жүзеге асырылады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аят Елшін

Хабар 24 телеарнасы