448,38 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көктайғақ салдарынан елорда маңында көлік апаты жиіледі

  • 152
  • UPD: 20:28, 27.02.2020

Елордадан Қосшыға барар жолда 20-ға жуық көлік соғысып қалды. Ал Қарағандыға шыға берісте 8 техника бір-бірін қаққан. Осы аумақта жүрген тракторшы КамАЗ жүк көлігінің астына түсіп, мерт болды. Кешелі бері көктайғақтың салдарынан бас шаһардың маңында жол көлік оқиғалары көбейген.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Жол апаты болған жерден әріптесім екеуміз өтіп бара жатып тоқтадық. Жаңа полиция қызметкерімен сөйлестік. Ол мән-жайды былай деп баяндады. Жолда әуелі бірнеше жеңіл көлік соқтығысқан. Одан соң «Астана су арнасының» тракторын басқарып келе жатқан азамат жолға тоқтап өзге көліктерді тоқтатқан екен. тағы да жол апаты болмасын деді ме екен. Одан кейін әлгі тракторшыны КамАЗ қағып кеткен. Ол оқиға орнында жан тәсілім етті. Бұдан бөлек жеңіл көліктегі бір жүргізуші ауруханаға жеткізілген. 

Бауыржан Тоқжұманов, қалалық полиция департаменті ӘПБ аға инспекторы:

- КамАЗ-дың жүргізушісі орнында. Қазір тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Жауап алынып жатыр. Басқа да іс әрекеттері жүріп жатыр. Ол жаңағы қамауға алына ма, алынбай ма енді ол тергеу әрекеттеріне байланысты шешім қабылданады. 

Мерт болған тракторшы 51 жаста екен. Жалпы күннің райы кешеден бері құбылып тұр. Қосшыға баратын жолда да апат болды. Мұнда 18 көлік бір-біріне соғылған. Әйтеуір жолаушылар дін аман. 

Өткен тәуліктің өзінде елорда аумағында 74 жол-көлік оқиғасы болды. Басты себеп көктайғақ. Бір еріп, бір қатып тұрған мұндай күн райы әлі де сақталмақ. Ал бас қаладан шығатын барлық жолдар әзірге жабық. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы