417,87 496,90 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО: Тасбұлақ ауылының тұрғындары қыс кезінде сыртқа шанамен қатынайды

  • 321
  • UPD: 22:52, 27.02.2020

Тасбұлақ ауылының үлкен-кішісі 18 шақырым жерді шанамен қатынап жүр. Шығыс Қазақстандағы бұл ауылдың 300-дей тұрғыны қыс келсе, осылай әлекке түседі. Өйткені қар қалың.

Әншейінде 20 минутта жетуге болатын аралықты жұрт 3 сағатта әрең еңсереді екен. Ал жол уақытылы тазаланбайды. Оған бөлінген техника жиі сынатындықтан жүргенінен тұрғаны көп. 

Болат Көкенайұлы, тілші: 

- Таскескен-Бақты тас жолы бойынан небәрі 18 шақырымда орналасқан Тасбұлақ ауылы тұрғындары көретін жол азабын бүгін біз де өз басымыздан өткердік. Міне мінген көлігіміз орта жолда қалың қарға малтығып, омбыдан өте алмай батып қалдық. Қардың жауғанына бірнеше күн болса да әлі күнге жол тазаланбаған. 

Әкімдіктің жол ашық, сайрап жатыр деген мәліметіне сеніп түстен кейін Тасбұлақты бетке алғанбыз. Алайда әупірімдеп 9 шақырым жүрген темір тұлпарымыз қалың қардан тұяғы сүрініп, алқынып ары бара алмады. 

Болат Көкенайұлы, тілші:  

- Бұл тундра да, тайга да емес, өзіміздің Қазақстан, Үржар ауданы Тасбұлақ ауылының тұрғындары қатынайтын көлік. Кәдімгі осындай шанаға мініп алып, 18 шақырым жерді 3 сағатқа жуық жүруге мәжбүр. XXI ғасырда техника дамыған заманда әзірге мұнан басқа амал болмай тұр. 

Негізі бұл ауылға шынжыр табанды тартқыш техника да, жол талғамайтын  көлікте бөлінген. Алайда жиі бұзылып, керек кезде жолға шыға алмай қалады екен. Сондықтан шанамен сырғанағаннан басқа оңай тәсіл жоқ. Ауылға азық-түлік, керек-жарағымызды осылай жеткізіп аламыз дейді тұрғындар. 

Ерлан Мыңбаев, көлік жүргізушісі: 

- Таулы жерлерде осындай ауылдар көп, қиын жол қатынасы қыста. Жолда да қалып қалдық, мына жол жоқ. 5-6 сағат жолда қалып қалған кездеріміз болған. Мүлдем жол болмай. Адамның өмірін ойлаймыз, тұрып қалсақ, күрей кетеміз күрекпен, неғұрлым өтіп апаруға тырысамыз. 

Сөйтіп, біз діттеген жерімізге жете алмай аттың басын кері бұруға мәжбүр болдық. Үржар ауданындағы бұл салаға жауапты басшының айтуынша, Тасбұлақ ауылына қыста жолды қардан тазалау тиімсіз болғандықтан, таптау әдісі қолданылады. Яғни ауыр техника ақ ұлпаны нығыздап жол салады. 

Серік Тілемісов, Үржар аудандық АЖ бөлімінің басшысы:

- Уақытша амалсыздан барып отырмыз ондай жағдайларға. Наурыз айынан бастап негізі күрей бастаймыз ол жолды. Бірақ биыл енді ерте күн жылынып тұр, содан күреп отырмыз ол жолды. Негізі оны таптамай, тұрақты ашып отырсақ қалай болады, боран кезі болса да тұрақты ашып отырсақ, солай тұрақты жолаушылар қатынасын қамтамасыз етсек деген жоспарымыз бар. 

Бөлім меңгерушісі Серік Тілемісов шанамен жүрудің қауіпті екенін мойындайды. Сондықтан келесі жылдан бастап бұл жолдың бойында арнайы екі К-700 тракторы 24 сағат кезекшілікте тұрмақшы. Ал қазір бұл бағытта бірнеше техника қарқынды қар тазалаумен айналысып жатыр деп сендірді шенеунік. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы