427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде еңбекті қорғау және қауіпсіздікті күшейтуге арналған жоба жүзеге аса бастады

  • 526
  • UPD: 23:13, 27.02.2020

Ақтөбелік кәсіпорындарда еңбекті қорғау және қауіпсіздікті күшейтуге арналған жаңа жоба жүзеге аса бастады. Жұмысшыларды жазатайым жағдайлардан қорғауға арналған бұл бастама болашақта ірі және шағын компанияларды толық қамтуы тиіс.

Бейбіт Нұртаев саналы ғұмырын Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысына арнап, денсаулығына байланысты зейнеткерлікке ерте шыққан. Бірақ 34 жылдық еңбек өтілін ескерген кәсіпорын басшылығы өндіріс желісін үйде отырып бақылауды ұсыныпты. Өңірдегі алпауыт компанияның ісін жетік білетін тәжірибелі маман бірден келіскен. Қазір, әр цехта орнатылған бейнекамералар арқылы жұмыс барысын қадағалап, кеткен кемшіліктерді жауапты мамандарға тікелей жолдап отырады. 

Бейбіт Нұртаев, зейнеткер:

- Кейде жүйелі түрде қателіктердің кететіні жасырын емес. Сондықтан да оның себебін анықтауға мына жоба көмегін тигізеді. Біздің зауытта еңбекті қорғау бөлімі, жауапты мамандар да бар. Дей тұрғанмен, бұл тың идея артықтық етпейді. Көп болып қауіпсіздікті бақыласақ, өндірісте қаза табу немесе жарақат алу жағдайлары болмайтыны анық. Сондықтан да «Халықтық жоба» деп аталады. 

«Халықтық бақылау» деп аталатын бұл жобаны ақтөбелік кәсіпорындар арасында алғаш болып ферроқорытпа зауыты іске қосты. Бүгінде оннан астам адам өндірістің технологиялық процесін бақылап отыр. Әрқайсысы қажетті жабдықтармен қамтылған. Кезектесіп, тәулігіне төрт сағат бақылау жүргізеді. Жоба жүзеге асқалы, екі мыңға жуық кемшілік анықталып, басым көпшілігі жойылған. Нәтижесінде жұмысшылар арасында жарақат алу деректері әлдеқайда төмендепті.

Алтынбек Әмірғалиев, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы:

- Біз қазір бұл жобаны Ақтөбе облысы бойынша әрбір үлкен жұмыс орындарына ұсынып жатырмыз. Бүгінгі таңға бес жұмыс орындары қабылдады. Біріншіден, бұл қадағалауға сол жұмыс орнында, өзі жұмыс жасаған зейнетке шыққан әлде сол жұмыс барысында мүгедектік алған азаматтарды жұмысқа қабылдап, сол бақылау істеріне кіргізеді. Оған айына жалақы төленеді. 

Қазір жергілікті өндіріс ошақтары арасында бұл жобаға қызығушылық артқан. Тек соңғы алты айдың көлемінде, өңірдің ең ірі мұнай-газ өндіруші, медицина жабдықтары және кірпіш шығаратын кәсіпорындары көңіл бөліп, іске қосқан. «Қорытындысы көзге көрініп тұр» дейді еңбек инспекцияның мамандары. Мәселен, былтыр облыс кәсіпорындарында 82 жазатайым оқиға тіркеліп, 91 адам жарақат алған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш екен.

Аслан Бахатов, мемлекеттік еңбек инспекторы:

- Негізінен ол өндірістік мекемелер, яғни тау-кен, құрылыс саласында жұмыс жасайтын мекемелер. Бірнеше рет қайталанған жазатайым оқиғалар. Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы басқармасымен  әрдайым нақты бақылауға алынып отыр осы жұмыстар. 

Өндірістегі қауіпсіздікті бақылау құзырлы органдардың назарында бола бермек. Ал жұмысшыларға төнетін қауіптілік деңгейін төмендету үшін әзірге 30-дан астам ірілі-ұсақты компанияға жаңа жобаны енгізуге ұсыныс жасалған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы