418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлдағы он бес балалы отбасы өмірлік құндылықтарды ұстанады

  • 337
  • UPD: 23:45, 27.02.2020

Солтүстік Қазақстандағы 15 баланы бағып-қағып өсіріп отырған Култышевтар әулеті көпке үлгі. Бұл үйдің үлкені 18-де, кенжесі 9 айлық. Ата-анасы оларды өзгеге алақан жаймай өсіріп келеді.

Бұл Петропавл қаласының тұрғыны Павел Култышевтың шағын ғана шеберханасы. Ұлдары бос уақытта мұнда әкесіне қолқабыс жасайды. Қазір отағасы бауыр еті балаларымен бірге әбден тозығы жеткен «Газ» жүк көлігін қайта жаңғыртып жатыр. Жақын арада оталдыртып, техниканы пайдасына жаратпақ. 

Павел Култышев, қала тұрғыны:

- Өзім дәнекерлеушімін. Білгенімді әркез балаларыма үйретемін. Себебі жақсы тәрбие беріп, оларды еңбекке баулу менің басты міндетім. Өзім де көпбалалы отбасынанмын. Біз сегіз ағайындымыз. 

Гүлдей нәзік, болаттай берік отанасы Татьяна жиырма жылда 15 құрсақ көтерген асыл ана. 8-і ұл болса, қалғаны қыз бала. «Барлығын бірдей жақсы көремін. Себебі алтын шаңырақтың ажарын ашып отырған осы бүлдіршіндерім» дейді қайсар жан. 

Татьяна Култышева, қала тұрғыны:

- Балаларымды бөліп жармаймын. Барлығына құшағымды ашып, ана махабатымды беремін. Әрине бағып-қағуда аздаған қиындықтар бар. Бірақ, ол бастысы емес. Маңыздысы олардың сыңғырлаған күлкісі. Қазір балапандарымызды қатарынан кем қылмай өсіріп келеміз. Ешкімнен көмек сұрағанымыз жоқ.

Адалдық, сыйластық және еңбекқорлық. Бұл Култышевтар отбасының басты құндылықтары. Ал үйді базар қылып отырған балалар саны бұйыртса тағы да артпақ. Қазір бұл жанұя 16-шы сәбиін күтіп отыр. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы