427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл еліміз бесінші рет жалпыхалықтық Алғыс айту мерекесін тойлайды

  • 561
  • UPD: 21:59, 28.02.2020

Биыл біздің ел бесінші рет жалпыхалықтық Алғыс айту мерекесін тойлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мереке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен күнтізбеге енген еді. Мақсаты – ұлттар арасындағы ынтымақтастықты насихаттау. Бүгін елордадағы Достық үйінде осы мереке тойланды. Оған Ассамблея мүшелері мен әр елдің елшілік өкілдері қатысты.

Бұл достық әні. Әр сөзінде қазаққа деген ризашылық, алғыс айтылады. «Қазақстан – барлық ұлтты бауырыңа бастың, ортақ үйімізге айналдың», - деп шырқайды әнші. Бәрі рас. XX ғасырдың басында біздің елге Беларусь, Ресей мен Украинадан 1 млн-нан астам адам қоныс аударған. Ұжымдастыру кезінде 250 мың шаруа жер аударылып келіпті. Соғыс жылдары бас сауғалап келгені қаншама. Өнеркәсіпті дамыту, тың игеру жылдары бірнеше елден тағы 1 млн адам көшіп келген. Көбі, тіпті бәрі десе болады, Қазақ елінде қоныстанып қалды. Өсіп-өніп, тамырын кеңге жайды. Олардың бүгінгі ұрпағы қазақ ұлтына алғысын айтып жатыр.

Людмила Тян, Корей этномәдени бірлестігінің өкілі:

- Мен көпұлтты, ынтымағы жарасқан елде тұрып жатқаныма қуанамын. Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті. Бүгінгі мерекеде қазақ халқына зор алғысымды білдіремін! Және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ерекше айтқым келеді. Ешкімнен қысым көріп жатқан жоқпыз. Білім алып, оқып, бейбіт өмір сүрудеміз. Ең бастысы, өз мәдениетімізді ұмытқан жоқпыз.

Саак Салумян, Армян этномәдени берлестігінің төрағасы:

- Қазақастан Республкасының азаматы екенімді мақтан тұтамын. Шын көңілімнен алғыс айтамын. Мен қазақ жеріне Кеңес үкіметі кезінде жас маман ретінде жолдамамен келген едім.Күштік құрылымдарда қызмет еттім. Қазақстан халқы мені өте жақсы қабылдады. Бұл ел біздің ортақ үйіміз. Бүгінгі қайырымдылық шарасына өз қолымыздан шыққан түрлі бұйымдарды әкелдік. Мұның өзі біздің қазақ еліне деген құрметіміз.

Мерекелік шараға жиналғандар «қазаққа алғыс айту – парызымыз», - дейді. Түсіне білгенге түбі терең мейрам екені сөзсіз. Тарихтың әр кезеңі олардың тағдырын ортақтастырған. Жалпы Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. Оларға тілін, мәдениетін, өнерін дамытуға бар жағдай жасалған. Достық үйі соның айғағы.

Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «бақыт бағалай білгеннің басында тұрақтайды». Ең асыл қазынамыз бірлігімізді көзіміздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз. Алғыс айту күні сан сынақтан бірге өткен халықтың бірлігін арттырып, қандай кездерде де өзара сенім мен құрметтің орныға түсуіне негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатын айшықтайтын айтулы мереке.

Достық үйінде өткен шарада этносаралық қатынасты нығайтуға үлес қосып жүргендер марапатталды. Олар түрлі ұлт пен ұлыстардың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері. Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Саудадан түскен ақша екі сырқат баланың еміне жұмсалады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы