411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019 жылы Түркістан облысында жол ережесін бұзудың 170 мың дерегі тіркелген

  • 229
  • UPD: 22:36, 28.02.2020

Былтыр Түркістан облысында жол ережесін бұзудың 170 мың дерегі тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полицейлердің айтуынша, жүргізушілер тарапынан ең жиі жасалатын құқық бұзушылық – жылдамдықты асыру.

Түркістан қаласында жолдағы қауіпсіздікті бақылайтын бейнекамералар өзінің тиімділігін көрсетті. Қаладағы 56 камера екі айдың ішінде 4300 құқық бұзушылықты анықтаса, соның жартысынан көбі жол ережесіне қатысты. «Алдағы уақытта бұл көрсеткіш көбеюі мүмкін», - дейді мамандар.

Ал Шымкентте өткен екі айда жол ережесіне қатысты 15 мың құқық бұзушылық тіркеліп, жүгенсіз жүргізушілерге 33 млн айыппұл салынған. Сондықтан осы өңірдегі тілшілеріміз жол белгілерін қолына алып, жүргізушілердің біліктілігін сынап көрді. Себебі, ел арасында «Шымкенттік жүргізушілер жол ережесін білмейді», деген пікір қалыптасқан.

Өкінішке қарай, жүргізілген сауалнама нәтижесінде жүргізушілерінің ешқайсысы көрсетілген жол белгілерін толық айтып бере алмады. Мамандар жол ережесін бұзатындардың көбі жол белгілерін білмейтіндерін айтады. Кептелісті де солар жасайды дейді.

Өткен жылы Түркістан облысында 170 мың жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Полицейлер жүргізушілер тарапынан ең жиі орын алатын құқық бұзушылықты атады.

Алмасбек Тастанбеков, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

- Бізде ең жиі орын алатын құқық бұзушылықтар – жылдамдықты асыру көбейіп кетті. Жол көлік оқиғаларының дені осы жылдамдықты асырудан болады. Бұдан бөлек, қарсы бағытқа шығу, көлікті қауіпсіздік белдігінсіз басқару, жолда келе жатып ұялы телефон пайдалану сияқты құқық бұзушылықтар әлі де басым. Жолдардағы жолақ пен жол белгілерін сақтап жүрсе, тәртіп бұзу болмайды. Жол-көлік оқиғасы кезінде бәрінің айтатыны «асығып бара жатыр едім» дейді.

Түркістан облысы аумағындағы 506 бейнебақылау камерасы бар. Өткен жылы сол арқылы 101 қылмыс ашылып, 10307 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Кеше ғана Түркістан облысының тұрғыны мас күйінде көлік жүргізгені үшін өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сондықтан тәртіп сақшылары азаматтарға жол қозғалысы ережелерін сақтауды ескертеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Папкова, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Мұсатов  

 

 

Хабар 24 телеарнасы