Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 142
443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британиялық бизнесмендер еліміздегі жаңа кен орындарын ашуға қаржы құюға дайын

  • 120
  • UPD: 23:40, 28.02.2020

Британиялық бизнесмендер Қазақстандағы геологиялық барлау және жаңа кен орындарын ашу ісіне қаржы құюға дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батыс Австралия мен Канадада қолданыста жүрген және біздің елде енгізілген геологиялық барлау тәжірибесі Тұманды Альбиондағы инвесторлардың қызығушылығын туғызды. Бұл тәжірибе Ұлыбритания астанасында өткен Roadshow London 2020 жиынында кеңінен талқыланды.

Заңнамадағы, сондай-ақ «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодексіндегі маңызды өзгерістер шағын юниорлық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Енді 460 мың шаршы шақырымда геологиялық барлау жүргізуге мүмкіндік берілді, 600-ге жуық лицензия таратылды. Әрі бұл бастамасы ғана. Сұраныс артты, оның ішінде британиялық компаниялар да жобаға қатысуды оң көреді. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі ұйымдастырған Roadshow London 2020 шарасында қарымды инвесторлар өзгерістер мәнісін құзырлы мамандардан білуге тырысты. 

Руслан Бәймішев, ҚР Индустрия және инфраструктуралық даму вице-министрі:

- Бүгінде Қазақстанда жаңа кен орындарын ашуға өз септігін тигізіп, жобаға қатысқысы келетін шағын юниорлық компаниялар біршама. Және олардың біздің елімізде жұмыс істеуге деген ниеті жоғары. Менің пікірімше, осындай шаралар сол мекемелермен жүзбе-жүз кездесуге мол мүмкіндік береді.

Roadshow беделді British Expertise International британиялық сауда ұйымы алаңында өтті. Шараға қатысуға ниет білдірушілердің саны көп болды және оларды залға сыйғызу оңайға соққан жоқ. Британиялықтар тау-кен қазу өнеркәсібінің инвестициялық және инновациялық әлеуетін арттыру үшін Қазақстанда көптеген маңызды бастамалар қолға алынып жатқанына қуанышты.

Роз Ланд, Ұлыбритания халықаралық сауда министрлігінің өкілі:

- Тау-кен рудасы секторындағы жаңа кодекс, жуық арада қабылданғалы жатқан жаңа экологиялық кодекс, Пайдалы қазбалар қоры бойынша халықаралық стандарттар комитетінің қолданысы Қазақстанда бизнес жүргізуге өте қолайлы етіп келеді.

Үкіметтік делегация және қазақстандық компаниялар бұдан кейін Канадада өтетін жаһандық көрмеге жол тартпақ. Жыл сайынғы шарада Қазақстан күні ұйымдастырылып, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекстегі өзгерістер және алғашқы нәтижелер туралы тағы да айтылатын болады.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы