421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Құбылай хан әскерінің құрамында бабаларымыз Индонезияның Ява аралына дейін жеткен

  • 660
  • UPD: 09:29, 29.02.2020

Құбылай хан әскерінің құрамында болған бабаларымыз Индонезияның Ява аралына дейін жеткен. Мұндай дерек әлемнің сегізінші кереметі саналатын «Боробудур» ғибадатханасында бейнеленген. Қазақстаннан аттанған «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының мүшелері осы тарихи орынға арнайы барып, қабырғаға салынған суреттерді өз көзімен көрді. 

«Тау басындағы Будда ғибадатханасы», Боробудур сөзінің негізі мағынасы осындай. Болжам бойынша тарихи нысанның құрылысы 7-ғасырда басталып, 9-ғасырлардың соңында аяқталған. Ал кейінгі жылдарда оның қабырғасындағы тастарға жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілгі мен аймақта болған оқиғалар қашалып салынды. Солардың ішінде бабаларымызға қатысты деректер де бар. 

Редван, экскурсия жетекшісі:

- 1293 жылы Қытайдан аттанған моңғол әскері Ява аралына жетеді. 20 мың жауынгер мұнда мыңнан астам кемемен келген. Олар аралды толық жаулап алмақ болады. Алайда жеңіске жете алмады. Сондықтан кейін шегінген. Бұл оқиға Боробудурдың қабырғасынада бейнеленген. Ғалымдардың айтуынша, мына кеме сол кезде Құбылай ханның қалың қолы мініп келген кеменің суреті.

Индонезиялық Хелми Мурванто, Гуннелл, Сухарсоно сынды ғалымдардың дерегінше 12-14-ғасырларда Боробудур ғибадатханасының айналасында үлкен көл болған. Мұны 1949 жылы нидерланд геологтары жүргізген зерттеу нәтижесі де растады. Яғни қазба жұмыстары кезінде ғибадатхана маңайынан көлдің ұлтанына тән белгілер мен көне қайықтың қалдығы табылады. Ғалымдар оны қалпына келтіріп, Борбодур кешенінің жанындағы Самудра Ракса музейіне қойған. Қытайлық зерттеушілердің пайымынша, табылған қайық Юань империясының тұсында жасалған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

-  13-ғасырда Құбылайдың әскерлері сондай кемелерді пайдаланған мынау әскерді келесі басқа елге апаруға. Өйткені бұлар сауда-саттық жасайтын кемелер. Үлкен ауыр жүктерді ала алуға мүмкіншіліктері бар. Сондықтан осындай кемелерге тиеген әскерді, аттарды, қару-жарақ барлығын, тамақтарын бірге. 1973 жылы археологтардың қазба жұмысында теңіздің астында тапқан кемелерді оңтүстік Қытайдағы соларда суретін қарағанда осы кемелерге өте ұқсас. Батыстың ғалымдары мен Шығыстың Қытайдың ғалымдарының дәлелдеуінің нәтижесінде біз нақты айта аламыз осындай кемелермен біздің бабаларымыз Индонезия оның ішінде ява аралына келгені туралы.

Бабаларымыздың Ява аралына келгенін айғақтайтын жалғыз дерек бұл емес. Олар туралы жәдігерлер Сурабая мен Тубан қаласының музейлерінде де сақталған. Себебі Юань империясының әскері жаулау әрекетін дәл осы екі  қаланың жағалауынан бастайды. Сондықтан біз Джокьякарта қаласындағы сапарымызды аяқтап, Сурабаяға жол тартамыз.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы