414,13 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысы қатерлі ісік ауруы бойынша алдыңғы орында тұр

  • 258
  • UPD: 19:44, 29.02.2020

Бұл әрине алаңдатарлық жағдай.

Оның басты себебі, экологиялық ахуалдың нашарлығы десек те, мұнайлы өңір тұрғындарының өз денсаулығына салғырт қарауы да шешуші рөл атқаратын сыңайлы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ретте еліміз бойынша енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен күтер үміт зор. Жаңа жүйе азаматтардың уақытылы тексеріліп, дәрігерлік бақылауды күшейтуге бағытталған.

Облыстық онкологиялық диспансері – обыр ауруына қарсы ем-дом жасайтын бірден-бір медициналық мекеме. Мұнда айына 30-40 науқасқа операция жасалады. Олардың алды сауығып, қатарға қосылып та жатыр. Солардың бірі Жылыой ауданының тұрғыны Абылай Тілепбаев ағзасында қатерлі іск пайда болғанын білмей қалғанын айтады.

Абылай Тілепбаев, емделуші:

– Асқазанымнан қан кетті. Операция жасады. Сәтті шықты. Одан кейін химиятерапия алдым. 6-7 ай осы жерде емделдім. Қазір денсаулығым жақсы, тексеруге 3 ай сайын шақырып тұрады.

Өкінішке орай, обырға жасалған операция үнемі сәтті шыға бермейтіні ақиқат. Былтыр облыс бойынша 396 науқас қатерлі ісіктің құрбаны болған. Бір алаңдатарлығы, қатерлі дерт жасарып бара жатыр дейді мамандар.

Эльмира Сапарова, облыстық онкологиялық диспансер бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– 25-30 жас аралығында асқазанның қатерлі ісігі кездесіп жатыр. 18 жастағы қыз бала да есепке алынып, операция жасалды. Бұл дегеніміз, жастар арасында халықтың өз денсаулығына салғырттықпен қарауы деп ойлаймыз.

Онкологиялық диспансерде жас ерекшелігіне қарай скрининг ұйымдастырлады. Бұл да қатерлі ісікті дер кезінде анықтап, ем қолдануға мүмкіндік береді екен. Осы ретте онколог-дәрігерлер әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмысына үлкен үміт артады. Жаппай тексеру кезінде онкологиялық ауруға шалдыққан жүздеген адам анықталыпты.

Сағымбек Аронов, МӘМС бойынша облыстық бас сарапшы:

– Атырау облысы бойынша 58 медициналық мекеме осы МӘМС бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Оның 21-і жекеменшік мекеме де, 37-і мемлекеттік мекеме болып табылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жылына бір мәрте тегін тексеруден өтуге болады. Сондай-ақ кез келген азамат өзіне қолайлы емдеу орындарынан кеңес алуға құқылы. Қазір жаңа жүйе облыс аудандарында да кеңінен қанат жая бастаған. Демек обыр секілді қатерлі дертті ерте анықтауға да мүмкіндік бар. Мысалы уақытылы ем алған жағдайда сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандардың 94 процентін аман алып қалуға болады екен. Бұл обырды емдеуге кететін шығынды 200 есеге дейін азайтуға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы