411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығыс Қазақстан облысында 105 ұлттың өкілі тұрып жатыр

  • 260
  • UPD: 14:18, 01.03.2020

Ынтымағы жарасқан шаңырақ астында өсіп-өркендеп келе жатқанымызды мақтан тұтамыз.

Өскемендегі «Вайнах» мәдени бірлестігінің өкілдері қазақ еліне деген шын ықыластарын осылай білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күні өңірде 1 мыңнан астам шешен-ингуш ұлтының өкілдері тұрады. Көпшілігінің ата-бабасы тар заманда Қазақстанға депортацияланған. «Сондықтан бір үзім нанымен бөлісіп, жанашырлық танытқан ағайынның ақ пейілін ешқашан ұмытпаймыз», - дейді олар.

Өлкеміздегі «Вайнах» этномәдени бірлестігі ең алғаш ашылған орталықтардың бірі. Барлық шешен-ингуштардың басын қосып отыр. Ал ұжымға жетекшілік ететін Татьяна Кегарманова облысқа белсенді іскер әйел мецнант ретінде танымал. Ол өз тарихын жастарға баяндаудан жалықпайды. Айтуынша, осыдан 76 жыл бұрын талай отандасы осы Қазақстанға 24 сағаттың ішінде күштеп жер аударылған. Осылайша, 30 мыңнан астам адам жат жұртқа аяқ басады. Олардың арасында Татьяна Кегарманованың ата-бабасы да болды.

Татьяна Кагерманова, «Вайнах» этномәдени бірлестігінің төрайымы:

- Репрессия, депортация жылдары Қазақстанға жер аударылған ұлттар өте көп болды.Ол кездері Қазақстандағы жағдайда да ауыр еді. Елді аштық, мұқтаждық жайлаған. Голощекин саясатынан бас көтере алмай жатқан ел бізді өзектен теппеді. Құшақ жая қарсы алып, бір тілім нанымен бөлісті. «Қайдан келдің», деп қағажау етпеді.

Кезінде жер аударылған шешен-ингуш ұрпағының бүгінде елімізде өсіп-өркендеп жатқаны меймандос пейілдің арқасы екені айғақ. Тілге де, дінге де кедергі жоқ. Кез келген мерекеде дастархандарын жайып, ұлттық дәмдерін ұсынып-ақ жарма тілектерін аямайды. Іс-шарадан қалыспай, мейрам сәнін кіргізетін  шешен лезгинкасымен елді сүйсіндіріп жүр.

Равиль Юнусов, «Вайнах» шешен-ингуш хореографиялық ансамблінің жетекшісі:

- Біз тек ән салып, би билеп қана жүре бермейміз. Осы арқылы дәстүрімізді дамытып, өзге ұлттардың да ұлттық құндылықтарынан хабардар боламыз. Сонымен қатар қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып, түскен қаражатты мұқтаж жандарға аударамыз.

Ұлт өкілдерінің осындай бірлігі қарияларды қуантады. Сондықтан олар жастарды тарихты сыйлауға, ынтымақтың қадірін білуге шақырады.

Лео Шик, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

- Осы елде тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің қазақ халқына айтар алғысы шексіз болуы тиіс. Қиын-қыстау жылдары бұл халық бізді бауырымызға басты, қамқорлығын аямады. Жастарға айтарым, тарихтан тағылым алыңдар. Өткенді ешқашан ұмытпаңдар.

Өзге ұлт жастарының да санасы ашық. Қазір көпшілігі Абай жылын өткізуде волонтер болуға әзірленіп жүр. Ыстық ұя, туып-өскен жерге деген сүйіспеншіліктері жоғары.

Алина Аскерова «Арарат» хореографиялық ансамблінің мүшесі:

- Қазақстан менің туған жерім, мен қазақ тілін құрметтеймін, біз бір елміз, армян халқының да қазақ халқына алғысы шексіз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстанда қазір 105 ұлттың өкілі тұрып жатыр. Олар елімізде ең бірінші болып ашылған «Достық үйінің» шаңырағына шоғырланған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы