413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алғыс айту күні Қарағандыда атап өтілді

  • 262
  • UPD: 23:09, 01.03.2020
Алғыс айту күні Қарағандыда атап өтілді

Алғыс айту күні Қарағандыда да аталып өтіп жатыр. Бүгінгі күні кенді өлкеде шамамен 75 этномәдени бірлестік өкілі бар. Олардың ата-бабалары саяси репрессия салдарынан Қазақстанға жер аударылған. Әр отбасында зұлмат жылдардың өшпес ізі мен естеліктері қалған. Атадан балаға айтылып қалған осынау естеліктер нәтижесінде бүгінгі ұрпақ - Қазақ еліне қарыздар екенін жақсы ұғынады.

Виданың ата-әжесі зұлмат жылдары «Халық жауы» деген желеумен Литвадан қазақ жеріне айдалады. Алды түнек, арты үрей болып келген оларды Шәкен атты қазақ құшақ жайып, қарсы алыпты. Артынша сол Шакен өзінің табандылығының арқасында,қылышынан қан тамған саясатқа қарамай жер аударылып келген екеудің шаңырақ көтеруіне ықпал жасап, көмек береді. Араға қаншама уақыт салып, бейбітшілік орнағанда екі үй бір анадан туғандай аралас-құралас болып отыр. 

Вида Грейчуте, «Литуаника» Литва бірлестігінің мүшесі:

- Менің атам 1999 жылы өзінің тарихи отанында көз жұмды. Бірақ өле-өлгенше қазақ жерін, Шәкен атаны сағынып өтті. Ал Шәкен атамыз мені өз немересіндей көріп, атқа мінгізіп, ертоқымға дұрыс отыруды үйретті. Барлығымыз Наурыз мерекесін тойлайтынбыз. Бұл менің бала кезімнің ең керемет сәттері еді. 

Ал Увайс Джанаев көп жыл бойы Қарағандыдағы «Вайнах» шешен-ингуш орталығын басқарып отыр. Туыстарының тең жартысы депортация кезінде көрген азапты көтере алмай мерт болыпты.  «Небәрі 5 жаста болсам да бәрі есімде» дейді ол. Кейін әжесі қазақтардың көрсеткен қайырымдылығын санасына құйып өсірген.  

Увайс Джанаев, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:

- Жергілікті халықтың қайырым-көмегінің арқасында біз бүгін өркен жайып отырмыз. Осы құтты мекенге келіп, қоғамның толық мүшесі болдық. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Біз бүгін расымен де барлық қазақ халқына  иіліп алғыс айтамыз. 

Атап өткен жөн, репрессияланған миллиондаған отбасылардың естелік суреттері «Бізді Сарыарқа даласы біріктірді» деп аталған жинаққа еңген. Кітаптың жарыққа шығуына этномәдени бірлестік өкілдері, тарихшылар, ғалымдар атсалысқан.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы