476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанай облысында кәсіпкер туған өлкесіне балабақша сыйлады

  • 962
  • UPD: 17:56, 01.03.2020

Қостанай облысындағы Қарасу ауданының кәсіпкерлері соңғы екі жылда ауылдарды көркейтуге 800 миллион теңгедей қаржы бөлген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұнда әлеуметтік, спорт нысандар, тұрғын үйлер бой көтеріп келеді. Іскер жандардың ауданға жасаған тағы бір тартуы 96 орындық балабақша болды. Оның ашылуымен кезек мәселесі жойылды.

Бұл ғимарат 20 жыл бұрын балабақша болып ашылған екен. Кейін қонақүй болып кеткен. Қазір алғашқы кейпіне енді. Енді мұнда бүлдіршіндердің алаңсыз ойыны мен тәрбиешілердің күнделікті тіршілігі қайта жандана түсті. Балалардың музыка, хореография, бейнелеу өнеріне машықтануына жағдай жасалған. Білімін жетілдіріп, зияткерлік қабілеттерін арттыратын жабдықтар түгел бар. 

Гүлсара Ержанова, балабақша меңгерушісі:

- Бізде 96 бала тәлім-тәрбие алып жатыр. Олар 4 топқа бөлінген. Түске дейін білімдерін жетілдірсе, әрі қарай ән, би, актерлік шеберлік сабақтарын алады. Бойларындағы жаңа қасиеттерін ашуға күш саламыз. 

Мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша Қарасу облыста көш бастап тұр. Ал осы балабақшаның ашылуымен аудан орталығында кезек мәселесі 100 процент шешілді. 

Светлана Циммер, Қарасу ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Ауданда мектепке дейінгі 35 білім беру мекемесі бар. Соның 9-сы балабақша. Қазір 1-ден 3 жас аралықтағы 20 бүлдіршін ғана кезекте тұр.  

Балабақшаны жөндеуге жеке кәсіпкер 17 млн теңге қаржы салған. Орталықта орын тепкен балабақшаның көркі алыстан көз тартады. Іскер азамат Осман Сатаев осылайша ауданның кішкентай тұрғындары мен ата-аналарын қуантып отыр.  

Осман Сатаев, кәсіпкер:

- Ауданда туу көрсеткіші ұлғайып, халық саны өсіп келеді. Сондықтан әлеуметтік саланың тыс қалмауы маңызды. Оны көркейтсек, туған жеріміз де барлық салаларда дамиды.  

Автономды қазандық кәсіпкерлердің балабақшаға жасаған тағы бір тартуы. Ашық аспан астында белгіленген температураны тәулік бойы қалыпты деңгейде ұстайды. Қасында маманның тұрақты болуы міндет емес. Көмір толық жанып бітуге қалғанда пеш жағушыға хабарландыру келеді.      

Григорий Слепченко, қазандық меңгерушісі:

- Компьютер есебінен жұмыс істейді. Қысым мен температураның төмендегені туралы мәліметтер СМС хабарламамен телефонға түседі. Адамның тәулігіне бір рет келіп, қазандықты тексерсе жеткілікті.  

«Рухани жаңғыру» бағдарлама бойынша атқарар іс жетерлік. Болашақта ауданда түзету және қазақ тілді мектеп ашуға басымдық беріледі. 

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы