411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


КСРО кезінде өзге елдерден Жетісуға 1 млн астам адам күштеп қоныс аударылды

  • 247
  • UPD: 22:46, 01.03.2020

Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде Жетісу жеріне 1 млн аса адам күштеп қоныс аударылды. Жат жерге көшірілгендердің қатарында шешен, неміс, корей, түрік, балқар, әзербайжан және өзге де ұлт өкілі бар. Қазақ халқының кең пейілі мен  қамқорлығының арқасында аман қалғандар бүгінде Алматы облысының аумағында берекелі ғұмыр кешіп келеді. Алғыс айту күніне орай олар Қаратал ауданы Бастөбе ауылындағы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішіне барып, тағзым етті.

Гүл шоқтары қойылған ерекше монумент корей диаспорасының Қазақ халқына деген құрметі. 2012 жылы орнатылған ескерткіш киіз үймен көмкерілгендей етіп жасалған. Шаңырақ пен уығы ынтымақ пен бірлікті әспеттеп тұрған нысанға жыл сайын келіп тағзым ететіндер көп. Жиналғандар өткенге көз жүгіртіп, қиын қыстау кезеңдерді еске алады. 

Виктор Пак, Қаратал ауданының тұрғыны:

- Біздің әкеміз, мамамыз мында келген. Қазақтың семьясы көмектесті нан берді, сүт берді, құрт берді. Үй берді и мында өсті. Сосын біздің  поколениясы  мында монумент жасады. Қазақтың халқына мың алғыс. Қазақ еліне рахмет. 

Зұлмат жылдары Жетісу жеріне қиыр шығыстан 200 мыңнан аса кәріс күштеп көшіріліпті. Сонымен қатар күрд, армян, грузин, шешен, татар, немісі сынды бірнеше ұлт өкілі қоныстанған. Атажұртынан алыстап, депортацияланғандардың барлығын қазақ халқы бауырына басты.   Баспанасынан бөлме беріп, алдындағы асымен бөліскені ел есінде. 

Ауыртпалығын көтерісіп, қиыншылықты жеңуге жәрдемдескені де бүгінгі  жастардың жадында жаңғырып тұр.   

Малика Ясулова, «Вайнах» қоғамдық бірлестігінің өкілі:

- Кішкентай кезінде менің апам мына жерде Қазақстанға көшірді. 13 жаста болды. 5,6 отбасы бір вагонда болды. Қазақ отбасы бізді өз отбасы сынды қарсы алды.Бір нан бәріне бөлінді.Сол үшін қазақ халқына алғыс айтам. 

Тағдыр жазуымен жер аударылған диаспоралар бүгінде Қазақстан атты бейбіт елде тіршілік етіп, ұрпақ өрбітіп отыр. Шама шарқынша мемлекет дамуына өз үлестерін қосуда. 

Ғабит Тұрсынбай, облыстық ҚХА Төрағасының орынбасары:

- Мәдени орталығы 80-нен астам аз қамтылған отбасы үйіне жөндеу жұмыстарын жасап берді. Содан кейін мына оңтүстік кореяның хендэ  клиникасы қаншама адамдарды тегін қабылдап, тегін ота жасады. Одан кейін біздің дәрігерлерге шеберлік сағатын жасады. Оның сыртында Видербург неміс мәдени бірлестігінің бастамасымен балқаштың оңтүстігінде жойылып кеткен сексеуілді қалпына келтіру мақсатында скл 200 гектар жерге сексеуіл егіліп, жасыл бұталар ағаштар егуді олар қолға алды.  

Алматы облысында тұратын 100-ден аса ұлт өкілі бүгінде 70-тен астам этномәдени бірлестікке топтасқан. Олар мемлекет құраушы ұлтпен бірге елдегі ынтымақ пен бірлікті нығайтуға ықпал етіп келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы