420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлеуметтік желіде әкімдер қаншалықты белсенді

  • 418
  • UPD: 09:23, 02.03.2020

Осыдан бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге әлеуметтік желіде белсенді болуды тапсырып еді.

Содан бері олар жаппай тіркеліп, ғаламтор беттерінде пайда бола бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин. Әлеуметтік желінің белсенді қолдаушысы. 5 мың 500 оқырманы бар. Міне, күл-қоқыстың қасында қоластындағы қызметкерін сынап жатыр. Ал мына видеода мұз айдынында қызымен коньки теуіп жүр. Инстаграмда өзім отырамын дейді. 

Мавр Абдуллин, Ақтөбе қаласының әкімі:

– Басқа да мәселелерге байланысты өз парақшама түскен сұрақтарға күндіз жауап беруге қол тимейді. Бірақ түнде сұрақтарға өзім жауап беремін. Көбіне әйел азаматшалар, әр түрлі мәселелер төңірегінде сұрақ қояды.

Құбырда отырған Көкшетаудың әкімі – Амангелді Смайылов. Облыс орталығында апат болып, тұрғындар сусыз қалды. Қала басшысы коммуналшылармен бірге болып, жағдайды сағат сайын инстаграм парақшасынан баяндап тұрды. Оқырмандар оны сынады да, сыбады да. Бірақ әкім халықтың ортасында жүріп, тіпті өзі де блог түсірді. 

Талдықорған қаласының басшысы Ғалымжан Әбдірайымов инстаграм парашасына видеодан гөрі, сурет салғанды құп көреді екен. Міне, әкім «Әкім» фильмінде. Мемлекеттік қызметкер пікірлерге сирек жауап береді, бірақ бәріне «лайк» басуға тырысады. Ал мына жерде ол Абайдың өлеңін оқып тұр.

Белсенді қолданушылардың қатарында Түркістан қаласының әкімі – Рашид Аюпов. Ол инстаграм парақшасында халықпен үнемі байланыста. Мәселен, мына бір жазбасында тұрғындардан қар тазаланбаған көшелерді сұрап отыр. Жиын-кездесулерін сирек салады. Есесіне автобус жүргізгені бар.

Ең көп оқырман Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарда. Оған 24 мыңнан астам адам жазылған. Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Ақтау басшыларын инстаграмнан таба алмадық. Ал Петропавлдың әкімі Болат Жұмабеков барынан жоғы. Ештеңе салмаған, ешкімге жазылмаған, бірде-бір оқырманы жоқ. Парақшасы жабық. Өзінікі ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ суретте сол.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Әлеуметтік желінің бір жақсы жері, әкімнің қабылдауына жазылып, алдына бармайсыз. Керісінше, ол сізді іздегендей болады. Жазған пікіріңізге тез арада жауап беруге тырысады. Біз тек инстаграм парақшаларын шолып шықтық. Көбі фейсбукте отырады. Твиттерде тіркелгендері де бар. Бірақ өзі ме, жоқ па, сұрақ.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы