419,72 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жол сақшыларына бағынбағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • 461
  • UPD: 22:08, 02.03.2020

Қарағанды – Нұр Сұлтан бағытындағы тас жолда тәртіп сақшыларына бағынбай, жанжал шығарған жүргізушілердің үшеуі қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал қалғандарына айыппұл салынды. Бірақ бұл шешіммен көлік жүргізушілері келіспейді. Болған жағдайға олардың өз уәжі бар.

Бұл күні ауа райының қолайсыздығынан Осакаров ауданының тұсында жол жабылған болатын. Осы кезде бір топ жүргізуші тәртіп сақшыларынан босатуды талап етіп, жанжал шығарады. Тіпті көлденең тұрған көлікті жол жиегіне итеріп шығарып тастаған. Амалы таусылған учаскелік инспектор Жанболат Күшеков көліктердің алдына жатып алып, тоқтатпақ болған. Бірақ ентелеген жұрт оны да күшпен жұлқып, 15-ке жуық көлік сытылып, тас жолға шығып кетеді.

Жанболат Күшеков, учаскелік полиция инспекторы:

- Жылыту орны бар, көліктерді жылытатын жерлер бар. Тамақтандыратын, жататын жер бар. Аурухана, дәмханалар бар. Жанармай құю бекеттері бар, бәрі ұйымдастырылған. Бірақ халықтың ол жаққа барғысы келген жоқ. Пойызға да мінгізіп жіберейік деп айттық. Оған да келіскен жоқ ешқайсысы.

Тәртіпке бағынбаған басбұзарлар алысқа ұзаған жоқ. Жолда ұсталып, үшеуі қамауға алынды. Ал қалған 11 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

Дегенмен, жүргізушілердің бұл жағдайға өз пікірі бар. Мәселен, жолды жапқанда олар кері қайта алмай қиналатындарын айтады. Осыдан соң санаулы уақытта кептеліс пайда болады.

Асқар Бектұрсынов, жүргізуші:

- Толық жауып тастаған, білмеймін неге екенін. Негізі, жоқ дегенде 2-3 шақырымнан арасында ашық жер болса, айналып шығып, қайтып кете беретін үйге. Сол дұрыс болар еді.

Жүргізушілер ақылы жолдың дер кезінде тазаланбайтынына да наразы. Кей тұстарын қалың қар басып қалғандықтан, қазір олар бір жолақпен жүруге мәжбүр. Тиісінше, жол апаттары жиілеген.

Қошан Байтілеуов, жүргізуші:

Снегозадержатель дейміз ғой, қар ұстап қалатын, соны 2-3 қатар қою керек. Ол тұрған жердің бәрі тап-таза. Әр жағында жоқ снегозадержатель, бетоннан қалап қояды ғой, солар мүлдем жоқ. Көп жерінде жоқ. Міне, сол жоқ жердің барлығында қар ұстап қалады. Трассаны толық жабады.

Айта кетейік, жуырда ғана қарағандылық тәртіп сақшылары Нұр-Сұлтан мен Теміртау арасындағы ақылы жолдың тазалығына жауапты мекемеге 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Бұл бірінші ескерту емес. Жол сақшылары бұған дейін де дәл осы автобанда 27 рет зерттеу жүргізіп, 12 жауапты тұлғаны әкімшілік жазаға тартқан болатын. Бірақ әзірге нәтиже болмай тұр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы