424,63 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысы Балқаш ауданында асыл тұқымды мал көбейіп келеді

  • 858
  • UPD: 11:22, 03.03.2020

Алматы облысының Балқаш ауданында асыл тұқымды ірі қара саны 27 процентке жетті. Жергілікті шаруалардың голштина фриза, герефорд, авердин ангус, Әулиекөл және қазақтың ақбас сиырына деген қызығушылығы әлі де жоғары.

Дегенмен, Желтораңғы ауылы маңындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірі өткен жылы Ресейден 600 бастан астам қалмақ тұқымды сиырын әкеліп, жерсіндіруге кірісті. Олар биыл алғашқы төлін ала бастаған. 

Желтораңғы жеріне өткен жылы 622 бас қалмақ тұқымды сиыр әкелінсе, биыл қосымша 176 бас жеткізілген. Шаруашылықтағылар аталған Зеңгі баба төлінің санын алдағы 5 жылдың ішінде 5 мың басқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Талғат Тарақбаев; шаруашылықтың іс басқарушысы:

 - 800 бас бар. 200 бас енді әкелінеді, оның бәрі дайын. Орман шаруашылығынан жер алғанбыз арендаға 15 мың гектардай. Соның бәрін түгел малға толтырамыз деген ойдамыз.

Қалмақ тұқымы таза етті бағыттағы сиыр болғандықтан, қай өңірге де тез бейімделеді. Бастапқыда әкелінген аналық бас қазірдің өзінде алғашқы төлін бере бастаған.

Талғат Тарақбаев, шаруашылықтың іс басқарушысы:

 - Бұның ерекшелігі – өте төзімді мал екен. Шөлге де, шөпке де. Салмағы қазірдің өзінде аналық бас дейміз ғой, 400-390 келі салмағы, сондай беріп тұр.

Жаңадан құрылған шаруашылықта 16 адам жұмыс істеп жатыр. Барлығы жергілікті азаматтар. Желтораңғы ауылы маңынан болашақта 2 мың бас мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы салынады. Балқаш ауданы биыл шет елдерге 275 тонна ет экспорттауы тиіс.

Бауыржан Дәрібаев, аудан әкімінің орынбасары:

- Былтырғы жылы 1200 бас немесе 307 тонна ет Өзбекстан Республикасына экспортталды. Жоспарымыз былтыр 200 тонна болса, 307 тоннаға, 153 пайызға орындағанбыз былтыр ет экспортын. Тірідей өткізілді бірақ.

Үкіметтің малды шетелдерге тірідей экспорттауға шектеу қойғаны белгілі. Сондықтан жергілікті шаруашылықтар көршілес Қытай Халық Республикасына ет экспорттауға рұқсатын алып, арнайы реестрге тіркелді. Балқаш ауданы бойынша ірі қара саны бүгінде 90 мың басқа жеткен. Соның 27 проценті асыл тұқымды мал. Ауданда 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Өткен үш жылдың ішінде 50 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылып, қолынан іс келетін азаматтарға берілген. 

Бауыржан Дәрібаев, аудан әкімінің орынбасары:

 – Аудандық прокуратураның шешімімен 36 мың гектар берілген бізге пайдаланылмай жатқан жерлер деп. Сонымен жұмыс істеп жатырмыз қазір, инспекция бар арнайы. Өткен жылы екі рет конкурс өткіздік. Биыл тағы да хабарландыру беріп жатырмыз. Жайылымдық жерлер беріліп жатыр. Ондай бір проблемалар, мәселелер жоқ жер жетпей жатқан.

Алматы облысы өткен жылы шет елдерге 8 мың тонна ет экспорттады. Болашақта бұл көрсеткішті 25 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Ол үшін бір мезгілде 100 мың бас ірі қара ұстауға арналған мал бордақылау алаңдары салынып жатыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы