419,72 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Иран коронавирусты өз мүддесіне пайдаланған саудагерлермен күресіп жатыр

  • 301
  • UPD: 12:22, 03.03.2020

«Иранда коронавирус қарқын алып барады» деген дерекке әлем назар аударды. Жапсарлас жатқан елдер шекарасын қымтады. Ол жақпен қарым-қатынас азайды. Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде Иранда коронавирус жұқтырудың 978 дерегі тіркелген. 

Коронавирус мазасын қашырған Тегеранның қазіргі көрінісі осындай. Айнала жым-жырт. Індеттен үйрейленген жұрт үйінен шықпайды. Тұрғындар көшені тек қажет жағдайда ғана аралайды. Тіпті жұмысты да қашықтан істеуге көшті. Ал азық-түлікті үйге жеткізіп беру қызметі арқылы ғана алдыртады. Себебі Денсаулық сақтау министрінің жуырдағы мәлімдемесінен жұрт одан сайын дүрліге түскен. Шенеуніктің сөзінше, Иранда небәрі бір тәулік ішінде коронавирусты жұқтырғандар 500 адамға артқан. 66 азамат қайтыс болды. 

Матемэ Заре, дәрігер:

- Қазір профилактика өткізу аса маңызды. Себебі тек соның көмегімен ғана вирустың таралуына тосқауыл қоюға болады. Билік өкілдері қолдан келгеннің бәрін жасап бағуда. Олар тұрғындарға бетперде мен антисептик таратып жатыр. Бұған қоса ел аумағында алыпсатарлармен күрес басталды. Кез келген азамат жедел желіге қоңырау шалып, бетперде мен дәрі-дәрмек бағасы көтерген жағдайлар туралы хабарлай алады. Сондай-ақ қасиетті жерлерге баруға тыйым салынды. Осылайша ел азаматтарын барынша қорғау көзделіп отыр. 

Бүгінде Иранда коронавирус кеңінен етек жайған. Қатерлі дертке шалдыққан арасында қарапайым тұрғындардан бастап, жоғары лауазымды тұлғаларға дейін бар. Иранда эпидемия жоқ деп ресми мәлімдеме жасап келген Денсаулық сақтау министрінің орынбасары да науқастар қатарында. Одан бөлек тағы 5 депутат карантинде жатыр. Соның бірі күні кеше көз жұмды. 

БЛИЦ:

- Мен базарда жұмыс істеймін. Бүгін бар болғаны 3-ақ сатып алушы келді. Жаплы павильондардың бос тұрғанын өз басым бірінші рет көруім. Тұрғындар далаға тіпті маскамен де шығуға қорқады. 

- Бетперделер қажетті деңгейде қорғайды деп үміттенеміз. Қазір университеттердің басым бөлігі қашықтан оқу режиміне көшкен. Студенттік қалашықтардың кейбірі тіпті түгелдей оқшауланған. 

- Әрине жоғарғы лауазымды тұлғалардың қаза табуы қатты қорқытты. Дерттен билік өкілдерінің өзі қорғансыз болса, біз секілді қарапайым адамдарға не болмақ? Шұғыл шаралар қабылданып жатқанымен шекараның жабылуынан менің көптеген келісім-шартым үзілді. 

Қазір Иран билігі коронавирустан шошынған халықтың үрейін басуға тырысып бағуда. Себебі жуырда ғана қоғам белсенділері Иранда қатерлі дерттен қаза тапқандардың саны 300-ге жететінін, ал ауру жұқтырғандар қатарында он мыңдаған адам барын мәлімдеген болатын. Олар мұндай деректі денсаулық сақтау министрлігіндегі өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. Десе де шенеуніктер жұртты алыпқашпа әңгімелерге сене бермеуге шақырып жатыр. Қалай болғанда да бүгінде Иран Қытаймен бірге эпидемиологиялық қауіпті елдердің қатарында екені сөзсіз. Сондықтан болар бірқатар ел Иранмен арадағы шекараны жапты. 

Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы