445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару құны қымбаттады

  • 114
  • UPD: 21:17, 03.03.2020

Наурыздан бастап Орал қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару құны қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін 215 теңгеден төлеп келген көпқабатты үйдің тұрғындары енді жан басына 286 теңге төлейтін болды. Тарифтің 33% өсуі осы іспен айналысатын кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы жақсаруына септігін тигізбек.

Қала көшелерінен көң-қоқыс уақытылы шығарылмай, тұрғындар тарапынан наразылық туындап жататын кездер аз емес. Оның басты себебі – арнаулы техникалардың ескіруі дейді тиісті кәсіпорын басшылығы. Мұндағы ең жаңа көліктің өзіне 7 жылдан асқан екен.

Рафхат Данағұлов, «Орал Таза Сервис» ЖШС директоры:

– Күніне 20 көлік шықса, соның кем дегенде жартысы – 10 көлік 1-3 сағатқа жөндеуге келеді. Сол себепті 10-11-де бару керек көлік түс қайта барып жатады.

Тарифтің көтерілуі енді кәсіпорынның жылына 3 жаңа техника алуына мүмкіндік бермек. Жалақы өсуі маман тапшылығын шешпек. Дегенмен түйінді жайттар әлі де баршылық. Оның бірі – заңды тұлғалардың келісімшартқа отыруға құлықсыздығы. Мәселен, орталық базар айналасында шашылған қоқыстан көз сүрінеді. Қаптаған қоймалардан шыққан қалдықтар үйлердің ауласындағы контейнерлердің айналасына үйіледі. Келіп көлікпен аударатындары да көп. Оларды тезге салуға тәртіп сақшылары асығар емес.

Лариса Горбатова, қала тұрғыны:

– Осы көшемен күнде өтемін. Аяқ басатын жер жоқ. Қоқыс тау боп жатыр. Осыны басшылар көрмей ме екен?

Сәбира Едігеева, Лермонтов көшесі 65 үйдің тұрғыны:

– Мен осы үйде тұрамын. Базардан әкеліп, жәшіктерді толтырып тастайды. Сыймағандарын жанына лақтырып кетеді. Жазда сасып кетеді. Тіпті немерелерімді әкелуден қалдым. Мына қоқыстың арасында оларды қайда ойнатамын?

Контейнерлерге сырттан қоқыс тастамас үшін «Оралтазасервис» мекемесі тың тәсілдерге жүгініпті. Астана шағын ауданындағы қоқыс алаңдарының бірін қоршапты. Екі камера орнатылып, абонеттерге электронды кілт берген. Мұнда тек тұрғындар ғана кіре алады.

Рафхат Данағұлов, «Орал таза сервис» ЖШС директоры:

– Егер бұл пилоттық жоба өзін жақсы жағынан көрсетіп жатса, біз әкімшілік есебінен қолдау болады деп сенеміз. Ит-мысық, тұрғылықты жері жоқ кісілер қоқысты шашып жатады. Солар кірмес үшін жасадық.

Өңірде жылына 99 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады, жан басына шаққанда 150 келіден келеді. Көң-қоқысты өңдеп, кәдеге жаратуда оларды сұрыптап жинау – өзекті мәселе. Бұл тұрғыда облыс орталығында нақты іс-әрекет бар. Күні бүгін 800 жерде пластик құтыларды бөлек жинау контейнерлері қойылыпты. Олардың санын биыл мың жарымға жеткізу көзделген.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы