443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы Көкөзек су қоймасында 40 тоннаға жуық балық қырылған

  • 125
  • UPD: 15:46, 04.03.2020

Бұл жағдай жергілікті тұрғындарды ғана емес, табиғатты қорғау инспекциясының мамандарын да алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экологтар оқиға орнына барып, судың сынамасын алды. Оның қорытындысы әлі дайын емес, бірақ сарапшылардың пікірінше, су қоймасы тартылып, балықтар содан қырылған. Алайда, табиғат жанашырлары бұл болжаммен келіспейді және олар «мұның себебі басқада» деп отыр.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Көкөзек су қоймасындағы балықтардың барлығы дерлік қырылып қалған. Мамандардың айтуынша, бұл жерге су Қарғалы өзенінен келеді. Су өтетін құбыр 2019 жылы бітеліп қалған. «Балықтар су жетпегендіктен қырылып қалған», – дейді мамандар.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын Көкөзек су қоймасының тереңдігі 2-3 метрге дейін жететін. Қазір су қоймасындағы судың тереңдігі 30-40 сантиметр ғана. Таяз суда тынысы тарылған балықтар өліп, су бетіне шыққан. Осы жерден амур, сазан, судак сияқты балықтарды аулап жүрген балықшылар «мына көріністі көріп, жаға ұстадық», дейді.

Данияр Тілеубердиев, балықшы:

- Көкөзек су қоймасына келіп демалатын жеріміз еді. Су бермегендіктен мынадай болып балықтар қырылып, өліп жатыр. Бүгін күн жылы ғой деп балыққа келсек, мынадай болып жатыр. Судың деңгейі 2-3 метр терең болатын. Қазір су жоқ.

Табиғат жанашыры Тимур Елеусізов: «балықтардың улануы да мүмкін», – дейді. Су қоймасының дұрыс жағдайда күтілмеуі де балықтардың өліміне себеп болуы ғажап емес.

Тимур Елеусізов, табиғат жанашыры:

- Бұл аймаққа кешенді тексеру жұмыстарын жүргізу керек. Балықтарға оттегі жеткілікті болу үшін айналада қамыс болу керек. Сондай-ақ мұз қатқанда арнайы тесіктер жасап қою керек еді.

Балық қырылған су қоймасына Алматы қалалық экология департаментінің мамандары Балқаш – Алакөл бассейндік инспекциясының өкілдері келіп, судан алынған сынаманы зертханаға тексеруге алған. Балықтардың қырылу себебі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы