411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында коронавирусқа қарсы сақтық шаралары қолға алынды

  • 302
  • UPD: 15:50, 04.03.2020

Павлодар облысы коронавирус бола қалған жағдайда шұғыл әрекет етуге тас-түйін дайын отыр.

Ең бастысы – қауіпті кесел жұқтырған адаммен байланыста болғандарды оқшаулайтын мекеме жасақталған. Жеке тұрған бес қабатты 150 орындық аурухана ғимаратында қажетті құралдардың бәрі бар. Эпидемиологтар шекара, әуе қатынасы және теміржол бекеттеріндегі стратегиялық маңызды нысандарда бақылау күшейтілгенін айтады.

Ертіс өңірінде коронавирус індетіне қарсы екі оқу-жаттығу шарасы өткізілді. «Алаңдауға, ел ішінде негізсіз үрей тудыруға себеп жоқ», - дейді мамандар. Бұл бағытта денсаулық сақтау жүйесі мен шұғыл әрекет ету қызметі жоғары әзірлігін көрсетті. Медициналық мекемелерде эпидемияға қарсы құрал-жабдықтар жеткілікті. Дәрігерлер кәсіби дайындықтан өткен. Ал шетелден оралған азаматты тексеру және бақылау тұрақты жүргізілуде. Қытайдан келген 4 адамға қатысты бақылау тоқтатылған.

Сәдуақас Байғабылов, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

- Б-1 категориясы бойынша бізде үш адам бақылауда. Олар Италиядан келген. Үшінші категория бойынша шамамен 114 адам медициналық бақылауға алынды. Олардың бәрі Павлодар облысының азаматтары.

Облыстық туберкулезге қарсы диспансер жанында жеке тұрған ғимарат госпитальға айналды. Алда жалда коронавирус шығып жатса, науқаспен байланыста болғандар осы жерге карантинге жабылады. Бақылау бөлімшесі 150 орынға шақталған. Палаталар бос. Соған қарамастан тәулік бойы кезекшілік орнаған. Тазалыққа қажетті заттардың бәрі бар.

Лариса Саверская, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері директорының орынбасары:

- Науқастарға көмек көрсетілетін қарқынды емдеу терапиясы және ем-шара бөлмесі бар. Тұмауға, жұқпалы ауруларға қарсы зарарсыздандыру заттары жеткілікті. Палаталардың бәріне бактерицидтік шамдар, ауа тазартқыштар орнатылған.

Ауруханалар мен стационарларда дәрі-дәрмектен тапшылық жоқ. Медициналық маскалар да жеткілікті. Тек дәріханалар желісінде бетпердеге сұраныс күрт өскен. Бұл тұмау мен суық тию қарқын алатын көктем мен күз айларында қалыпты жағдай екен. Павлодарда медициналық қорғаныс заттарын шығаратын жалғыз кәсіпорын бар. Онда өндіріс үш есеге ұлғайтылыпты. Жуырда автоматты кешен істен шыққан. Бірақ жұмыс тоқтаған жоқ.

Марат Маханов, кәсіпорын директоры:

- Материалдарды біз Ресейден аламыз. Коронавирус басталғалы Қытайдан алмаймыз. Бізге тағы тігіншілер керек болып тұр. Мұның бәрін қазір қолмен тігеміз.

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ағымдағы жылы 14 мыңдай адам суық тиіп ауырса, екі мыңы ауруханаға жатып емделіпті. Өткен жылдармен салыстырғанда тұмауға шалдығу көрсеткішінің төмендегені байқалады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы