424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алимент төлемегендер абақтыға жабылуы мүмкін

  • 565
  • UPD: 15:09, 04.03.2020

Алматы облысында берешегі бар әкелерге қатысты осындай жаза қолданып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық прокуратура қызметкерлерінің бұндай қадамға баруына жауапсыз әкелердің өткен жылғы берешегі 300 млн теңгеге жетуі себеп болған. Былтыр бұл қаржының тек 3/1 бөлігі ғана өндіріліпті.

Жұлдыз Сағалбаева 6 жылдай азаматтық некеде тұрған жолдасынан алимент өндіре алмай жүр. Айырылысқаннан кейінгі он жылда отағасы бір рет те қарайласпапты. Шыдамы таусылған ана былтыр сотқа шағымданған екен.

Жұлдыз Сағалбаева, Ескелді ауданының тұрғыны:

- Қазіргі таңда 470 мың теңгедей жиналып қалды. Алайда оның жартысын шетінен берейін деген, төлейін деген жоқ. Әкесі осы ақшаны беріп тұрса, мен бір тиынын ұстамаймын. Баланың өз атынан шот ашам да, соған салып тұрамын. Яғни, бала 18-ге толғанға дейін ата-анасы жауапты. 18-ге толғаннан кейін, міне, сенің шотың деп өзіне беремін.

Жалғыз ұлына жәрдемдеспеген әкеге прокуратура қызметкерлері жолдама беріп, жұмыспен қамту орталығына жіберген. Алайда борышкер мекеме ұсынған жұмыстан бас тартыпты. Одан кейін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Еш нәтиже шықпағаннан кейін сот шешімімен бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды.

Бақыт Тұрысбаева, жеке сот орындаушы:

- Сот шешімі заңды күшіне 3 наурыз 2020 жылы енеді. Соттың үкімі бойынша бір жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды, 100 сағатқа жұмысқа тартылды, бір жыл бойы пробация қызметіне тіркеу тағайындалды. Үкімдегі талаптар орындалмаған жағдайда, алимент төлемеген жағдайда бас жеке сот орындаушы және пробация қызметі сотқа бас бостандығынан айыру туралы ұсыныс жолдай алады.

Прокуратура мамандары былтырдан бері алимент төлемейтіндермен күресті күшейтіп, қатаң жаза қолдану тәжірбиесін жүйеге енгізе бастады. Соған сәйкес өткен жылы 30 шақты адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, 7 кісіге қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.

Данияр Мұхияев, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Алимент төлемеушілерге қатысты әкімшілік қамау да қолданылып жатыр. Өткен жылы 29 адам осындай әкімшілік жауапкершілікке қолданылды. Осы жылы қасақана алимент төлемеушілерге қатысты 19 сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, екеуіне қатысты сот шешімі шықты. Алимент бойынша 10 млн теңге берешек қайтарылды.

Алимент төлемеудің бірден бір себебі – жұмыссыздық. Сондықтан прокуратура қызметкерлері жергілікті билік өкілдерімен бірлесе, борышкерді еңбекпен қамтуды қолға алды. Өткен жылы 185 адам тұрақты табысы бар жұмысқа орналасып, балалар алдындағы берешегін өтей бастаған.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы