447,94 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысы Белозёр ауылы биылдан бері қардан тазартылмаған

  • 113
  • UPD: 20:00, 04.03.2020

Әудем жерге жету мұң. Қар қалың, қозғалыс қиын. Қостанай облысындағы Белозёр ауылының тұрғындары екі айдан бері осындай жағдайда өмір сүріп келеді.

Жол аршылмаған соң жұрт төтесінен тартып балшық кешеді. Осыдан шаршаған белозерлықтар редакциямызға шағым айтып, көмек сұрап отыр. 

Данияр Сұлтан, тілші:

- Бұл Белозёр ауылына баратын 17 шақырымдық тура жол. Жаңа жылдан бері аумақ тазаланбаған. Қалың қар астында жатыр. Сондықтан тұрғындар мынау қарлы алқаппен төтесінен қатынауға мәжбүр. Салдарынан 1,5 сағат уақыт жұмсайды екен. Ал бұрын небәрі 30-40 минут қажет болған. Ертең қар ерісе бұл төте жолдың су астында қалуы ғажап емес.  

Вячеслав Федоров осы төте жолмен күнделікті екі рет қатынайды. Жұмысқа барарда және қайтарда. Жол талғамайтын көлігімен 17 шақырымды еңсеруге оған бір жарым сағат уақыт кетеді. 

Вячеслав Федоров, Белозер ауылының тұрғыны:

- Облыстық жолдарды тазалайтын техникалар бар ғой. Неліктен біздің ауылға кірер жолды да аршымасқа? Қар жолдың кей аумақтарында жатыр. Қалаға қатынайдар бір-бірлерін тауып, жолшыбай көлікпен жетіп қалады. 

Белозерда 500-ге жуық адам түтін түтетіп отыр. Әкімдерінен күдер үзгені қашан. Шағымданып көмек сұрағаннан қайран жоқ. Жол тазаланбаған кезеңде елді мекенге нан, ауыз су тасымалы уақытша үзіліп, сүт тапсыруда қиындықтар туындаған. Ал қазіргі алқапты жолды тұрғындар қолайсыз деп есептейді.   

Қасқырбай Махметбеков, Белозер ауылының тұрғыны:

- Трассаны трактор бұзай алмай жатыр. Қар қатты. ТКШ-да техника берілмейді. Не істерімді білмейміз. Әкімге звондадық. ТКШ-ға звондадық. Бір жауаптары сосын звондаймыз дейді де айтқандарын істемейді. 

Нина Порунова, Белозер ауылының тұрғыны:

- Күзде жол бойына қар тоқтататын арнайы қабырғалар қойғанда мұндай жағдай болмас еді. Біз осы жолға тәуелдіміз. Неліктен тендер ұтып алған мердігердің оның күтуге жағдайы жоқ.  

Сайытбек Махметбеков, Белозер ауылының тұрғыны:

- Өткенде жерлеуден Торғайдан келдік. Үйге келейін десем жол жоқ. Екі күн Рудныйда жаттым үйге жете алмай. 

Омбы қар ауыл сыртынан бөлек ішін де басқан. Тіршілікті тұсап тастағандай әсер қалдырады. Жота болып үйілген қармен ешкімнің шаруасы жоқ. Жағдайы барлар 2 мың теңгеге трактор жалдап ауласын тазалап жүр.   

Данияр Сұлтан, тілші:

– Ауыл ішіндегі жағдайдың өзі де мәз емес. Осындай адам бойынан асып түсетін қар үйіндісі әр аулада бар. Аяқ алып жүрудің өзі қиямет-қайым. Қарды тазартуға бірнеше күн емес, бірнеше апта қажет болатыны сөзсіз. 

Жалпы жол тазалауға жауапты мердігер жыл басында таңдалған. Олар жол-жөнекей Сергеев, Балықты елді мекендеріне барар жолды тазалаумен шектелген. Ал Белозерға дейінгі аумақты аршу үшін техникасы бар жергілікті тұрғынмен келісім жасасқан. Бірақ ол негізгі жолды тазартуға дәрменсіз. Төте жолды ашудан басқа амалы қалмаған. Ауыл әкімінің бас мердігерге қандай да шара қолдануға хақысы жоқ екен. 

Ерлан Байжанов, Белозер ауылдық округінің әкімі:

- Жауапқа тарта алмаймыз. Біз оларға айта аламыз жол жоқ деп. Жолды тазартыңыз деп. Олар бәрін түсінеді. Бұл болып жатқан жағдай биыл ғана емес. Жылда боп жатқан нәрсе. 

Жергілікті билік негізгі жолды тазалау тиімсіз деп санайды. Қыстыгүні сәл жел соқса, бірден қар басып қалады. Жыл басынан бері Белозер бағыты 12 рет тазаланыпты.   

Рустам Рыспаев, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

– Осы жылы қыс қиындау кішкене. Қар көлемі өте көп. Қазір он шақты шақырым жерге қар көп жиналғанымен біз айналмалы жол жасадық. Сол жерде үнемі жел боп тұрады. Сондықтан тазартқан кезде кішкене қиыншылық туындауы мүмкін. 

Кезекті жол тазалау талпынысы нәтижесін бермеді деп телефон шалды бізге бүгін жергілікті тұрғын. К-700 тракторы орта жолда кері қайтуға мәжбүр болған. Енді белозерлықтарға қар ерігенше сазды төте жолмен жүруден басқа амал жоқ. 

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы