427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде Ұлы Отан соғысына қатысқан аналар марапатталды

  • 502
  • UPD: 08:40, 05.03.2020

Мәскеуде Ұлы Отан соғысына қатысқан әйелдерге құрмет көрсету салтанаты өтті.

Кремльде «Қалқан және раушан» атты қоғамдық сыйлықпен марапаттау рәсімі өтті. Дәстүр бойынша оны Ресей құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерінде жұмыс істейтін әйелдерге табыстайды. Алайда Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырушылар жаңа номинацияны енгізуді шешті. Бұл жүлдемен Алматыда тұратын қазақстандық ардагер Тамара Максимова да марапатталды.

Тамара Максимова Мәскеуде дүниеге келді. Соғыс басталғанда, 9-сыныпты бітірген ол өз еркімен әскерге барып, медбике болып қызмет еткен. Екінші дәрежедегі Отан соғысы ордені және «Мәскеуді қорғау үшін» медалімен марапатталды. Соғыстан кейін Алматыға қоныс аударған. Қазақстанда диссертация қорғап, ұзақ жылдар бойы Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берді. Жасы 96-ға толса да, үш қоғамдық ұйымның жұмысына белсенді қатысып келеді.

Тамара Максимова, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Зейнетке шыққаннан кейін ардагерлік ұйымдарда жұмыс істей бастадым. Бұл маған үлкен демеу болып жүр, өйткені өмірімде мақсатымның барын және біреуге қажет екенімді сеземін. Таңертең тұрғанда, бүгін не істеу керектігін ойлаймын. Ал түк мақсатым болмаса, тек ауруларымды санап жүретін едім, ал бұл тіпті қызық емес.

Тамара Максимованы бұл жүлдеге ардагерлер, тыл еңбеккерлері және соғыс балаларының кеңесі ұсынды. Қазақстанда қазір Ұлы Отан соғысының бір мың 400-дей ардагері бар, оның екі жүз жиырма бірі Алматыда тұрады.

Райхан Жапарханова, «ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балалары кеңесінің» атқарушы директоры:

- Ол қорымыздың жұмысына белсенді қатысады. Жастарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Осыдан 9 жыл бұрын құрылған қорымыз ардагерлер, тыл еңбеккерлері және соғыс балаларына жан-жақты көмек көрсетіп келеді.

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қалқан және раушан»  жүлдесінің ұйымдастырушылары соғысқа қатысқан әйелдерді марапаттайды. Мәскеуге бүкіл Ресей мен ТМД елдерінен 50 ардагер әйел келді.

Асламбек Аслаханов, РФ құқық қорғау органдары және арнайы қызметтер жұмыскерлері қауымдастығының президенті:

- Қазақстан соғыс уақытында үлкен көмек берді. Әскери өнеркәсіптің дені Қазақстанға көшірілді. Нанмен де көмектескен. Осы көмектеріңізді ешқашан ұмытпаймыз.

Владимир Романенко, РФ ардагерлер одағы төрағасының орынбасары:

- Кеңес Одағының халықтары секілді, қазақ халқы жеңіске жету үшін барын аямайтын. Қаншама азық-түлікті жеткізді. Майданның алғы шебінде қанша Кеңес одағының батырлары мен мергендері болған. Бұл бүкіл халқымыздың күресі және әр ел осы Ұлы Жеңіске жетуде өз үлесін қосты.

Қазір Ресейде Ұлы Отан соғысына қатысқан шамамен 60 мың адам тұрып жатыр. Ал 2020 жыл Ұлы жеңісті еске алу және даңқ жылы болып жарияланды.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы