424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбелік көп балалы аналар тігіншілік ісін тегін меңгеруге мүмкіндік алды

  • 451
  • UPD: 11:43, 05.03.2020

Тігіншілік ісін тегін меңгеріп, тәжірибелі мамандардан кеңес алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді құрақ көрпелерден өзге, сұранысқа сай сән үлгісіндегі киімдерді де тіге алады. Курсқа қатысушыларға бизнес бастау мен қайтарымсыз грант иеленудің жолдары да түсіндірілді.

Тігіншілік курсына келген Нұргүл Батырбек бұл іске бар ынтасымен ден қойды. Себебі бала күтіміне орай соңғы бірер жыл бойы үйде отырған келіншек жаңа мамандық меңгеруді ойлап жүрген екен. Түпкі мақсат – жұмыс басты жолдасына қолдау көрсетіп, отбасының табысын молайтуға үлес қосу. Ал ауыл мектебіндегі мұғалімдік қызметін жалғастыруға әлі ерте.

Нұргүл Батырбек, Ойыл ауданының тұрғыны:

– Түрлі салаларға байланысты оқулар ашып жатқаннан кейін, бір мамандыққа қарап қалмайын деп бастап жатырмын. Әрі қарай алып кетемін деп ойлаймын. Себебі қыз тәрбиелеп отырғаннан кейін олардың да жақсы болып жүргенін қалаймын. Мүмкін, дүкеннен сатып алғаннан өзім тігіп алғаным жақсы ғой.

8 наурыз мекересі қарсаңында ұйымдастырылған курсқа 30-дан аса көп балалы ана келді. Арасында атаулы әлеуметтік көмек алып отырған шалғайдағы ауыл тұрғындары да бар. Оларға өңірге танымал тегін шеберлері дәріс беріп, құрақ көрпе және киім тігудің қыр-сырын үйретті. Кәсіпкерлікті қолдау ұйымдарының өкілдері бұл істен табыс табудың жолдарын түсіндірді. Ол үшін алғашқы жарна, тіпті грант бөлуге де дайын екендіктерін жеткізді.

Кенжегүл Миянова, Әйтеке би ауданының тұрғыны:

– Ауыл әйелдері үшін жаңа мамандық немесе кәсіп түрін игеру оңай емес. Бала тәрбиелеп, үй шаруасында отырған аналар үшін мұндай мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан бұл зор қолдау деп білемін.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазір өңірде жеке іспен айналысушы аналардың қатары көбейіп келеді. Тек былтырдың өзінде «Бизнес бастау» жобасынан өткен 142 көп балалы отбасы 505 мың теңгеден қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп бастаған.     

Бұлбұл Елеусінова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Көп балалы аналардың арасында кәсіп ашып, өз отбасының жағдайын түзеушілер, ынта білдірушілер өте жоғары. Мысалы, былтырғы жылдың өзінде Ақтөбе облысында 19 мыңнан астам көп балалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, солардың мыңға жуығы мемлекеттің жан-жақты қолдауын пайдаланып, өз істерін ашып, өздері және жанындағы адамдарға жұмыс орындарын беріп отыр.

Курстан өткен аналарға тігін машиналары сыйға тартылды. Бұл тігіншіліктен тірлікті түзеуді ниет еткендер үшін қомақты қолдау. Ал бұған дейін бизнес бастаған көп балалы отбасылар негізінен ауылшаруашылық және қызмет көрсету саласында жұмыс істеп келеді. Енді оның ауқымын кеңейтіп, түрлендіру көзделіп отыр.

Автторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы