411,72 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғандық ұстаз 1 млн теңгенің сертификатына ие болды

  • 247
  • UPD: 13:18, 05.03.2020
Талдықорғандық ұстаз 1 млн теңгенің сертификатына ие болды

Талдықорғанда қазақ тілі пәнінің мұғаліміне 1 млн теңгенің сертификаты берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қомақты қаржыны 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы табыс етті. Мерекелік жиынға өңірдің әр аймағынан үздік нәтижеге қол жеткізген мұғалімдер шақыртылды. Көп жылдар бойы білім беру саласында еңбек еткен ұстаздар «Құрмет» грамоталарымен «Кәсіподақ ұйымына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Жалпы саны 40 шақты педагог сый құрметке бөленді. Ал сыйақы Талдықорған қалалық №14 орта мектеп гимназиясының мұғалімі Мақпал Әлімбатыроваға тапсырылды. Үш баланың анасы қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде тұрады екен. Ұсынылған қаражат мемлекеттік бағдарламамен баспана алуына мүмкіндік береді.

Мақпал Әлімбатырова, қалалық №14 орта мектеп гимназиясының мұғалімі:

- Осы 1 млн теңгені банктегі шотыма саламын. Сол арқылы 50 де 50 бағдарламасы бойынша үй алуыма мүмкіндік туып тұр. Сондықтан өте қуаныштымын. Жас мамандардың мәртебесін көтеріп жатқанына алғысым шексіз.

Садық Әбдіқадыров, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы:

– Бүгінгі күні 27 мың кәсіподақ мүшесі бар. Соның ішінде 10-15 пайызы баспанаға қажеттілігін білдіріп отырады. Біз жан-жақты есебін алып, қолымыздан келгенше көмекті жасап жатамыз. Бүгінгі беріп отырған сертификатымыз бірінші. Келешекте әр облыс, әр ауданда осы мәселені жалғастырамыз.

Хабар 24 телеарнасы