435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда Дубайдан келген 5 адам карантинге жатқызылды

  • 149
  • UPD: 17:57, 05.03.2020
Павлодарда Дубайдан келген 5 адам карантинге жатқызылды

Олар облыс орталығында дайындалған обсервациялық бөлімге 14 күнге жатқызылды, деп хабарлайды pavlodarnews.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов мәлім етті.

«Наурыз айының 4-і күні түнде Дубайдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшық келген ұшақ бортында Павлодар облысының 5 тұрғыны болды», – деді Сәдуақас Байғабылов.

Бортта Қытай елінің азаматы болғандықтан еліміздің бас санитарлық дәрігерінің шешімімен олар бақылауға алынды. Қазіргі кезде медициналық қызметтердің көмегімен 5 адамды изоляциялау жұмыстары жүріп жатыр. Спикердің айтуынша, олар арнайы дайындалған обсервациялық бөлімге жатқызылады. Ол облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бес қабатты жеке тұрған ғимаратында орналасқан.

«Павлодар облысының 5 тұрғыны 14 күн бойы бақылауда болады. Ешқандай күдік байқалмаса, үйлерінде тағы 10 күн бақыланады. Сонымен қатар, сол 5 тұрғынмен байланыста болған тағы 5 адам үйлерінде бақылауға алынды. Оның ішінде 2 бала бар. Дубайда бұл 5 азамат демалып келген», – деді Сәдуақас Байғабылов.

5 адамның екеуі – ерлі-зайыпты, екеуі – әпкелі-сіңлілі және біреуі өзі жалғыз барған адам. Үшеуі – Ақсу қаласының, екеуі – Павлодар қаласының тұрғыны.

«Бізге олар Нұр-Сұлтан қаласына түскені жөнінде хабар келді. Біз олардың мекенжайлары бойынша тауып алдық. Қазіргі уақытта елордамыздан Павлодарға немен жеткені анықталуда. Келгеннен бері олармен байланысқа түскен отбасыларындағы тағы 5 адам үйлерінде бақылауға алынды», – деді Сәдуақас Байғабылов.

Айта кетейік, Дубайдан келген Павлодар облысы тұрғындарының үлкені – 54 жаста болса, кішісі – 21 жаста. 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы