456,05 484,00 8,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодарда БАӘ-ге барып келген бес адам карантинге жабылды

  • 683
  • UPD: 19:38, 05.03.2020
Павлодарда БАӘ-ге барып келген бес адам карантинге жабылды

Павлодарда Біріккен Араб Әмірлігіне барып келген 5 адам карантинде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дубайда демалған облыс тұрғындары 4 наурызда, яғни, кеше Нұр-Сұлтанға дейін Қытай азаматымен бір бортта ұшып келген екен. Қазір тексеруден өтіп жатыр. Павлодардың шұғыл медициналық қызметі сақтық үшін олардың барлығын госпитальға жатқызды. Бес азаматтың үшеуі Ақсу қаласынан. Екеуі Павлодардың тұрғындары. Олармен байланыста болған тағы бес адам бақылауда. Оқшауланған азаматтар 14 күн бойы туберкулезге қарсы күрес диспансерінің жанынан  жасақталған жеке ауруханаға жатқызылды. Облыстың бас санитарлық дәрігері олардан вирустық инфекцияның белгілері байқалмағанын атап өтті.

Cадуақас Байғабылов, облыстың бас санитарлық дәрігері:

- Айта кету керек, Павлодар өңірі тұрғындарының денсаулығы қалыпты жағдайда. Дене қызуы, суық тию аурулары байқалмайды. Соған қарамастан, коронавирус инфекциясы ушығып тұрған елдерге барғандар еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 14 күнге оқшаулануы тиіс. Коронавирусты анықтайтын зертханалық сараптамалар мен бірқатар тестер алынады. Күдік сейілгенде үйлеріне шығарылып, тағы 10 күн бойы тұрғылықты жерлері бойынша бақылауда болады.

Хабар 24 телеарнасы