443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Текелінің шойын өндіру комбинатында ер міндетін атқаратын ерекше мамандық иелері бар

  • 103
  • UPD: 09:58, 06.03.2020

Нәзік жанды арулар қоғамның қай саласында болмасын жемісті еңбек етіп келеді. Тіпті ер азаматтардың өзіне ауыр тиетін өндіріс орындарында жұмыс істеп жатқандары жетерлік. Олар қатардағы қызметкер ғана емес, кешеннің толық қуатында жұмыс істеуіне ықпал ететін білікті маманға айналған.

Бүтіндей бір өндірістік кешеннің тоқтаусыз жұмыс істеуі Батиха Отарбекқызына тікелей байланысты. Өйткені, ол зауыттағы зіл батпан заттарды жылжытып, шығарылған шойынды да тиейді. Кран жүргізушісі кен байыту комбинатынан бөлек, құрылыста да еңбек етіпті. Талдықорғанның төріндегі оннан аса көпқабатты үйдің қабырғасын қалап, салынуына септігін тигізген. Биіктікті ұнатып, бұл салаға ден қойған білікті маманның ауыр техниканы тізгіндегеніне 40 жылдан асыпты.  

Батиха Асылбекова, кран жүргізушісі:

- Неше түрлі биіктікте  неше түрлі кранда жасадым жұмыс. Скл  мостовой, козловой, башенный бар. Кранның негізгі жұмысы өте жақсы жұмыс. Астындағы адамдардың жұмысын жеңілдетесің, ол деген қаншама халыққа көмек, жұмысшыларға көмек. Ол деген өте әдемі жұмыс, өкінбеймін бір секунқа да өкінген емеспін.  

Ал Антонина Бридихина өндірістің ең жауапты бөлігінде жұмыс істейді. Шойын балқытуға қажет қатты отынды қабылдап, шашау шығармай алып пешке жеткізу негізгі міндеті. Бір ауысымда 400 тоннадан аса коксты темірмен түрткілеп, сүзгіден өткізу кейде қиынға соғады. Соған қарамастан ол өз мамандығынан бас тартқан емес.   

Антонина Бридихина, оператор:

- Жұмыста бәріміз бірдейміз. Ең бастысы техникалық қауіпсіздікті сақтауымыз керек. Сонда бәрі жақсы болады. Қиын кезде көз жасыма ерік беретін кездер болады. Содан кейін жеңілдеп қалам. Ауыр болса да мамандығымды жақсы көрем, сол себепті ешқайда ауысқым келмейді.

Өндіріс орнында 1000-нан аса адам жұмыс істесе соның 200-ден астамы әйел адам. Олар басшылық қызметпен қатар өндіріс орындарында да жемісті еңбек етіп келеді. 

Сергей Щербин, зауыттың бөлім басшысы:

- Әйел адамдармен жұмыс істеудің оңай болатыны олар өз жұмысына ұқыпты, ерекше құрметпен қарайды. Жауапкершілікті сезіне біледі. Тазалыққа ерекше мән береді. Сондықтан артық ауыз сөз айтып, ескерту жасап әуре болмайсың. Ұжымда қыздар болғаннан кейін ер адамдар дөрекі сөйлемейді,ішкі тәртіп мықты болады. 

Кенді шаһардағы комбинатта жылына 200 мың тонна өнім өндіріліп отыр. Шойынды шығаруға ерлермен қатар нәзік жанды арулар да атсалысып, өндірістің өркендеуіне қомақты үлес қосып келеді. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы