447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соғыс кезінде майданға темір жолмен азық-түлік тасыған ардагер анаға құрмет көрсетілді

  • 119
  • UPD: 09:42, 06.03.2020

Алматы облысында Ұлы Отан Соғысының ардагері, ел аузында «Паровоз апа» атанып кеткен Алтынай Есболатова тұрады. Отты жылдардың тірі куәгері соғыс уақытында шойын жолмен майдан даласына азық-түлік тасыды. Ал қайтарында жараланған жауынгерлерді от пен оқтың арасынан аман алып шығатын. Жергілікті атқарушы билік өкілдері мен қоғам белсенділері ардагердің үйіне арнайы барып, халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Соғыс және еңбек ардагері Алтынай Есболатованың өмірі жайлы бірнеше кітап жазып, кино түсіруге болады. Жастайынан жетім қалған ол балалар үйінде өсті. Зұлмат соғысты басынан өткерді. Қанды қырғын аяқталған соң елдің еңсесін тіктеу жолында бел жазбастан еңбек етті. Шойынжолға берілгені соншалық – халық оны әлі күнге дейін еркелетіп, «Паравоз апа» деп атайды. Заманында отарбада пеш жағушы, кондуктор, машинистің көмекшісі де болып көрді. Сүйегі асыл жаратылған жанның жады да өте мықты екен. Жасы жүзге таяп қалған ардагердің айтқан әңгімесін тыңдап отырып, отты жылдардағы оқиғалар легі көз алдымыздан тізбектеліп өтіп жатты.  

Алтынай Есболатова, ҰОС ардагері:

– Сталинградта өлген кісінің санына сан жетпейді. Сол кезде біз тіпті соның санын санаудың керегі жоқ деп ойладық. Сталинградта өте қатты қырғын болды ғой. Ондай қырғынды тірі адам көрмей-ақ қойсын. Немістер өзінің барлық күшін, өзінің барлық қару-жарағын түгел Сталинградқа бағыттады. Неге десең, ол Сталиннің атындағы қала ғой. 

Алтынай апа Сталинградпен қоса Смоленскті, Украина мен Белоруссияны және Балтық жағалауы елдерін жау қолынан азат етуге атсалысты. Жеңіс күнін Польша мен Германияның шекарасындағы Одер өзенінің жағасында қарсы алды. «Одердің суын ішіп тұрып, өзімді Ұлы Жеңістің дәмін татып жатқандай сезіндім» дейді ол.

Алтынай Есболатова, ҰОС ардагері:

– Поляк пен Германияның жерінің екі арасында қарсы алдым мен 9 майды. 9 май емес ол, 7 май. 7 майда қуанып жүрміз жеңдік деп. Әйелдердің бала-шағасы, азаматы аман болсын! Отанымыз аман болсын! Дендері сау болсын! Қазіргі жақсы уақытта балаларымыз біліммен қарулансын! 

Алматы облысында 69 ҰОС-ның ардагері қалды. Алтынай Есболатова солардың арасындағы жалғыз майдангер әйел. Жеңістің 75 жылдығына орай өңірдегі ҰОС ескерткіштерінің барлығы қайта қалпына келтіріліп, соғыс және тыл ардагерлеріне шипажайға тегін жолдама беріледі. 

Ермек Келемсейіт, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

 – Біздің 3-4 ветеранымыз бар әлі де болса жүріп-тұруға, жанына адам қосып берсек, Мәскеуіңе де, басқаңа да барып келетін жағдайы бар. Жылма–жыл ардагерлерге үлкен көмек көрсетіліп жүр ғой енді. Бюджетке биыл да салынып қойған қаржы бар. Сондықтан өз деңгейінде біздің ардагерлеріміз жақсы марапатталады ғой деген ойдамын.

Паровоз апа саналы ғұмырын түгелдей темір жолға арнаған жан. «Мен өз бақытымды еңбектен, туған Отанға қалтқысыз қызмет етуден таптым. Келер ұрпаққа да тілерім сол!» дейді соғыс ардагері. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы