405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде әуе және теміржол қатынасындағы санитарлық-гигиеналық талап күшейтілді

  • 292
  • UPD: 10:40, 06.03.2020

Коронавирус қаупіне байланысты еліміздегі әуе, көлік және теміржол қатынасындағы талап күшейді. Атап айтсақ, Қытай бағытындағы барлық рейс тоқтатылған. Тағы бірнеше мемлекет бойынша барыс-келіске шектеу қойылды. Ал адам көп шоғырланатын әуежай мен вокзалдарда қатаң сақтық шаралары қолға алынып жатыр.

Ұшақ экипажының толықтай маскамен тұмшалануы осыданан бірер апта бұрын көзге түрпідей көрінетін. Мәселен, ақпанның соңына қарай түсірілген мына кадрлер әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қызу талқыланған болатын. Ал қазір бұндай көрініс әбден үйреншікті жағдайға айналды. Тіпті сала басшылары оны міндеттеп, талап етуде. 

Тілек Әбдірахымов, әуе компаниясының менеждері корпоративті коммуникациялар бойынша менеджері:

- Халықаралық рейс экипаждары арнайы маска, қолғап және басқа да сақтық құралдарын қолдануы қажет. Егер жолаушылар арасында қызуы көтеріліп, тынысы тарылып, жағдайы нашарлаған адам анықталса, шұғыл шаралар қолға алынады. Яғни барынша оқшаулау, басшылықты ақпараттандыру және науқасқа маска беру сияқты өзіндік тәртібі бар. Оның реттілігі арнайы нұсқаулықта жазылған. 

Мұндай жағдайда ұшақтағы басқа жолаушыларға да медициналық құралар таратылып, барынша аурудың алды алынады. Ал жерге қонған кезде арнайы мамандар күтіп алады. Дәл осындай жағдай теміржол саласында да қалыптасқан. Қауіпсіздік мақсатында тіпті Алматыдан Үрімшіге қатынайтын пойыздың қозғалысына шектеу қойылды. Яғни бұдан былай ол шекарадан әрі аспайды. Ал вокзалдарға залалсыздандырғыш жуу құралдары қойылып, ауа айналым жүйелері тексеріліп жатыр. Салада қызмет ететін мамандар апта сайын оқу-жаттығуларға қатысып, жаңа талаптар бойынша жұмыс істеуге мәжбүр. Әрине ә дегеннен осынша өзгеріске үйрену оңай емес. Бірақ қауіпсіздік деген дүние қашан да алдыңғы қатарда тұру керек дейді мамандар. 

Наталья Костарева, «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы вокзал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:

- Вокзалдағы қызметкерлер толықтай маска және басқа да медициналық құралдармен қамтамасыз етілген. Әр бекетте тәулік бойы медициналық пунктер жұмыс істейді. Тіпті, күту бөлмесіндегі экрандарға короновирустың алдын-алуға қатысты бейнероликтер көрсетіліп тұр. Егер қауіпті дерттің белгілері анықталып жатса, қызметкерлеріміз нақты шараларды қолға алады.

Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі  дайындаған арнайы нұсқаулық бар және оған апта сайын жаңа тармақтар қосылып тұрады. Ал әуе және темір жол саласындағы мамандарға ол арнайы жиналыстар арқылы жеткізіледі. Кейін оқу-жаттығу шараларында іс жүзінде пысықталады. Ал қоғамдық көлік қатынасында мұндай белсенділік байқалмады. Біз елордадағы салаға жауапты мамандармен тілдесіп көріп ек. Жүргізуші әйнекпен қоршалған бөлікте отырады және жолаушылармен ашық қарым-қатынасқа бара бермейді дейді. Сондықтан қаладағы автобустар бұрынғы режимде жұмыс істеп жатыр. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы