420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Путин мен Ердоған Мәскеуде кездесті

  • 563
  • UPD: 14:45, 06.03.2020

Мәскеу қаласында Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия басшысының кездесуі өтті. Тараптар Сирияның Идлиб провинциясындағы дағдарысты кеңінен талқылап, 6 сағатқа созылған келіссөздерден кейін қос ел де аймақта атыс - шабысты тоқтату туралы шешім қабылдады.

Идлиб мәселесі бойынша қос ел президентінің бас қосуы Ресей астанасында өтті. Владимир Путин өз сөзін Сириядағы Түркия әскерлерінің қазасына қатысты көңіл айтуымен бастады. Кездесуде Режеп Тайып Ердоған Идлибтегі ахуалды реттеу үшін алдымен Түркия мен Ресей арадағы қарым-қатынасын түзеу керек деген ойды алға тартты. 

Владимир Путин, Ресей Президенті:

- Әрине аймақта орын алған ахуалға қатысты барлық мәселені бүге-шүгесіне дейін талқылауымыз керек. Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың бұзылмауы үшін бір шешімге келуіміз керек. 

Алты сағатқа созылған отырыс. Оның алғашқы үш сағатында екі елдің басшылары жеке кездессе, кейін оған сыртқы істер министрлері мен қорғаныс министрлері қосылды.  Жалпы Идлиб мәселенің басталғанына бірнеше жылдың жүзі болды. 2018-дің қыркүйегінде Ресей, Түркия мен Иран билігі Сочи келісіміне қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес тараптар атыс-шабысты тоқтату керек деген байлам жасасқан. 

Камран Гасанов, саясаттанушы:

- Одан бері екі жыл өтті. Түркия өз әскерін аймақтан шығару керек болатын. Асад болса Сирия аумағындағы лаңкестердің бақылауындағы жерді өзіне қайтару үшін қайта шабуылдай бастады. Алайда Идлиб провинциясында 3 млн-ға жуық адам тұрады. Қазір олар Түркия шекарасына ағылып жатыр. Анкара осыған ашулы. Айтуынша, Асадтың кесірінен бейбіт халық мерт болып, өзге елге бас сауғалап жатыр. Ал Түркия болса, босқындарды Еуропаға шығаруға мәжбүр. 

Осы жолы қос тарап 6 наурыздАН бастап Сирияның Идлиб провиниясында атысты тоқтату режімі күшіне енеді деген шешімге келді. Сонымен қатар өңірде Латакия мен Серакиб қалаларын байланыстыратын әрі жол бойы күзетілетін қауіпсіз дәліз құрылмақ.

Владимир Путин, Ресей Президенті: 

- Біз Астана форматының аясында бірлесе әрекет ету бастамысын жалғастыруды шештік. Кезінде Сириядағы жағдайды тұрақтандыру бойынша осы Астана процесі үлкен үлес қосқанын атап айтқым келеді. 

Алайда Түркия президенті Ердоған Сирия әскерилерінің әрекетіне қарсы жауап беруге құқылы деген мәлімдеме жасады. Ал сарапшылардің бірі бұл бастаманы жақсылыққа баласа, енді бірі кезекті келісім нәтиже бермейді деген болжам жасайды. 

Автолары: Дана Нуржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы