428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейбіт жиындар өткізу туралы жаңа заң жобасына хабарлау ережесі ғана енгізіледі

  • 456
  • UPD: 17:55, 06.03.2020

Атқарушы органдардан рұқсат алу тәртібі болмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек демонстрация мен шерулер кезінде ғана белгілі бір талаптар қойылуы мүмкін. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты. Министр жаңа заң жобасын халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірлесе талқылап, олардың сауалына жауап берді. Мысалы, бастапқы жасалған жобада 18 жасқа толмағандарға жиынға қатысуға тыйым салынса, кейін бұл шектеу алынып тасталды. Себебі халықаралық бала құқығын қорғау ұйымдарының талабына қайшы келген. Министр заң жобасының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асқанын айтып, бірқатар артықшылығына тоқталды. Ұйымдастырушының, қатысушының, журналистің құқығы мен міндеттері барынша айқындалған. Талқылауға қатысқан Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен БҰҰ өкілдері өз ойларын ортаға салды.

Айта кетейік, Конрад Аденауэр атындағы саяси қор жүргізген сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың 73 проценті бейбіт жиындардың биліктің келісімімен өткенін қалайды екен.

Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Жалпы халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, бейбіт жиындар өткізу кезінде ең бастысы – қоғамдық тәртіптің сақталуы. Тіпті кейбір демокартиялық елдердің өзі қоғамдық-саяси ахуал ушыққаннан кейін бейбіт жиындар өткізу туралы қолданыстағы заңнамаларын қатаңдатты. Керісінше, бұл орайда либералды көзқарасты ұстанып отырған елдер де бар. Біздің заң жобамыз осы бағытта өзгеріс енгізіп, қадам жасайды деп айтуға болады. Заң жобасы барлық қалада талқыланды. Түрлі пікір болды. Мемлекет басшысының шешімімен біз тек хабарлау ережесін ұсынатын боламыз. Мұны мемлекеттік органдар да қолдап отыр.

Дьердь Сабо, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің директоры:

– Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында осындай мәселелермен айналысатын арнайы институттар мен бөлімдер бар. Ұйымға қатысушы елдердің өтінішімен сараптама өткізіп, сарапшы пікірін ұсынады. Егер ұсыныс түссе, біздің ұйым осы заң жобасына сараптама жүргізуге дайын. Жалпы осы заң жобасын қызу талқылауға мүмкіндік жасалғаны біздің көңілімізден шықты.

Хабар 24 телеарнасы