448,52 487,00 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордалық кәсіпкерлер жергілікті билікке наразы

  • 117
  • UPD: 21:05, 06.03.2020

Қызылордалық кәсіпкерлерді жер дауы шаршатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе өз ісін жаңадан ашқан сырбойылықтардың жергілікті билікке өкпесі қара қазандай.

Айтуларынша, әупірімдеп қол жеткен, құжатын әрең түгендеген жер аумақтары артынан басқа біреудікі болып шыға келеді.

Талай жылдан бері қуықтай тар нысандарды жалдап сауда істеген Қарылға Жеткергенова жеке дүкенін ашу үшін аукционмен жер телімін рәсімдейді. Өз үйін кепілге қойып, өңірлік инвестициялық орталықтан несие алып, құрылысшыларын сайлап, белгілеп берген аумаққа келсе, ол жерге көпқабатты үй салынып жатыр екен. Содан шырылдап жер қатынастары бөліміне барса, ондағылар басқа учаскені нұсқап жібереді. Хош деп, оны рәсімдеуге кіріседі. Бірақ жазда басталған құжатнама процесі 90 күнге созылады.  

Қарылға Жеткергенова, кәсіпкер:

– Құжаттың қол қойып, қаулы шығуы үшін 3 ай өтті. Қаулы 12-қыркүйекте шықты. Енді 3 ай өтіп кетті, менің қолымдағы ақша ӨИО заңы бойынша 3 айда игеруім керек. Мен игере алмадым оны. Жұмыс жобасы сызылып жатыр. Эскиз жіберсек, архитектура бөлімінен қайтып келе береді. Эскизге қол қоймады, әбден шаршатты, себепсіз, заңсыз әрекет бұл. Заңсыз әрекет болғасын біз жаздық.

Ұлықбек Кәрімов те наубайхана, дүкен ашуға бел буып, тиісті мемлекеттік мекеме арқылы жеріне қазық қаққызады. Содан жерім дайын деп тұра шауып, өңірлік инвестициялық орталықтан 16 миллион теңге несие алады. Нысанның іргетасын қалай бергенде, жердің өзге егесі пайда болады. Дау-дамай басталып, құрылыс жайына қалады. Уақытында игерілмеген кредитті пайызымен қайтаруға тура келді. 

Қыдырбек Рашов, кәсіпкердің сенімді өкілі:

– 4 айда 1 миллион 600 теңге көлемінде зардап шегіп отырмыз. Кәсіпкерлік мақсатта болғаннан кейін оның сұранысы болады. Сол себептен айыппұлдар кетеді, екі ортада осындай даудан барлығын толықтай жауып тастауға тура келді.

Табан астындағы жері «жылжып» кеткен тұрғындардың құқығы кәсіпкерлер палатасы сүйемелдеуімен дүркін-дүркін қозғалып, оң шешімі табылды. Ұлықбек пен Қарылғаға жер телімдері беріліп, дүкен құрылысы қайта жанданды. Жалпы өткен жылы осындай 286 өтінім бойынша 90 сот отырысы өтіп, кәсіпкерлер 260 миллион теңге айыппұлдан құтқарылды.   

Ғалымбек Жақсылықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– 260 млн теңгенің ішіне кәсіпкерлердің төленбей қалған мүліктерінің сомасы кіреді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұл жерде көбінесе сатып алу, жер қатынастарына, сәулет және қала құрылысы саласына, сонымен қатар салық саласына кәсіпкерлерден өтініш түсіп жатады.

Жалпы өткен жылы 6 мыңдай қызылордалық кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, мың жарымының жобасы қаржыландырылды. Сан сылтаулы және мың толғаулы кедергілер болмаса, бұл көрсеткішті еселеп арттыруға мүмкіндік мол.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы