447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттік көп балалы аналар көрпе тігудің қыр-сырына қанықты

  • 154
  • UPD: 22:56, 06.03.2020

Шымкентте «Көрпе Фест» мега фестивалі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп балалы аналар шара аясында көрпе тігудің қыр-сырына қанықты.

Қатысушылардың алды 74, кішісі 10 жаста. Фестиваль соңында ең таңдаулы жұмыс көпшілік назарына ұсынылды.

Тігінші Ұлбосын Тілемісова қолынан шыққан дүниелерін мақтанышпен көрсетеді. Айтуынша, мұндай көрпелерді іздесеңіз, таппайсыз. Тапсырыс берушілер мен сатып алушылардың да қарасы қалың.

Ұлбосын Тілемісова, тігінші:

– Мен бұрын еш жерде жұмыс істеген жоқпын. Үйде бала тәрбиесімен отырдым. Бір бөлмемді ашып алғанмын. Бірақ құрақтарды әлі жасай алмайды екенмін. Осы Ырза Тұрсынзадақының құрақтарын көріп, күш-жігер алып отырмын.

Белгілі дизайнер Ырза Тұрсынзадақызы көп балалы аналарға көрпе тігудің технологиясын тегін үйретуде. Өйткені ол бұл аналардың барлығы тек тігінші емес, ұлттық өнерді ертеңгі ұрпаққа жеткізуші деп санайды.

Ырза Тұрсынзада, этно-дизайнер:

– Менің қуанатыным, қыз-келіншектер шаңырағында отырып, өз нәпақасын өзі тапқысы келеді. Сіз өз шаңырағызда өз шабытыңызға тәуелдісіз. Үй тірлігін бітіріп, қолыңыз босай қалғанда, осы кәсіпті жүргізуге болады.

Тігіншілер тапсырыс күн санап артып келе жатқанын айтады. Ал фестивальдің ең алғашқы сатып алушысы қала әкімі болды. Мұрат Әйтенов 8 наурыз қарсаңында аналардың қолынан шыққан бірнеше дүниені сатып алды. Қыз-келіншектермен әзілдесіп, мерекелерімен құттықтады.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– Сіздерді көктем мерекесімен, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға жақсылық болсын. Мына бастамаларыңыз жалғаса берсін.

Бұл біреу үшін хобби болуы мүмкін. Ал енді біреу өз болашағын осы іспен байланыстырады. Көп балалы аналар өз кәсібін ашуды жоспарлайды. Қалай болғанда да қолмен тігілген дүниелер өз бағасын жоғалтпайды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова

Хабар 24 телеарнасы