443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық оқушылар мектеп жылыжайында қызғалдақ өсірген

  • 171
  • UPD: 13:31, 07.03.2020

Көктемнің шуақты мерекесі – әйелдер күніне арнап павлодарлық оқушылар қызғалдақ өсірген.

Мектеп жылыжайында бүр жарған гүл шоқтары ардагер ұстаздарға табыс етілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – жеткіншектердің тырнақалды жұмысы. Келешекте олар қазақ даласында жайқалып өсетін гүл тұқымын терең зерттемек.

Павлодар қаласындағы №37 мектептің шағын жылыжайында қызғалдақтың 16 түрі өсірілген. Қазан айында егілген өсімдік наурыз мерекесі қарсаңында гүлдепті. Бұл оқушыларды да ұстаздарды да қуанышқа бөледі. Солтүстік өңірдің табиғатына әсіресе, қою қызыл түсті қызғалдақтар бейім келеді екен.

Шолпан Ахметова, №37 мектептің 10-сынып оқушысы:

- 16 іріктемесі өсірілді. Соның 12-сі біздің осы Павлодар қаласына бейім екеніне көз жеткіздік, яғни бұған келетін болсақ, Қазақстан қызғалдақтардың мекені деген ой түйіндедік.

Шолпан Ахметова қызғалдақ тұқымдас гүлдерді зерттеп, ғылыми жоба да әзірлеген. Субстрат пен қара топырақта егілген қызғалдақтың 250 баданасының бір де бірі шығынға ұшырамапты. Жалпы № 37 мектептің оқушылары арасында қызғалдақ өсіру жоғары қызығушылық тудырған.

Айжан Смағұлова, №37 мектептің 9-сынып оқушысы:

- Қызғалдақ – лала гүлдер тұқымдасына жататын өсімдік. Ең бастысы, отырғызған жағдайда оны дезинфекциялау керек және оның арасынан бұзылған жапырақтарды алып тастау қажет. Отырғызған жағдайда оның тереңдігіне баданның жер арасының және диаметріне қарау керек.

Қызғалдақтың өсіп жетілуі ауаның ылғалдылығымен топырақтың құнарына байланысты. Бұл параметрлер мектеп жылыжайында қатаң сақталған.

Ғалия Сұлтанғазина, №37 мектептің биология пәнінің мұғалімі:

- Біз осы қызғалдық өсіруді қазан айында бастаған болатынбыз. Содан бері міне, нәтижесін көріп отырсыздар, балалардың да қызығушылығы артып, өздері отырғызғысы келіп, оны күтіп, баптап, алдағы сәтте әлі де көбейтеміз деген ойдамыз.

Осылайша, мектеп жылыжайындағы қызғалдақтар наурыз айында гүлдей бастады. Оны ұстаздарға табыс ету мәртебесіне үздік оқушылар ие болды.

Оқушылардың көмегімен өсірілген гүлдер зейнеткер ұстаздарға да сый ретінде берілді. Тәжірибе жүзінде  қолға алынған игі бастаманың жемісі көз алдымызда. Биыл кем дегенде 500 түп қызғалдық егу жоспарланып отыр. Ұстаздар мен оқушылар «тарихы қазақ даласынан бастау алатын әдемі гүлдермен мақтанып қана қоймай, өндірістік жолға қоюға атсалысуымыз керек» деген өршіл мақсатты алға қойған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы