429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы балабақша денені суық сумен шынықтыру әдісін қолданып келеді

  • 604
  • UPD: 22:56, 07.03.2020

3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер күннің ыстық-суығына қарамастан далада салқын су құйынып, бассейнде жүзеді.

«Осы әдістің арқасында балалардың денсаулығы жақсарып, ауруды ұмыттық» дейді ата-аналар. Бұл қалада «Денсаулық» бағдарламасымен жұмыс істейтін жалғыз балабақша.

6 жасар Айбар бұл әдісті күнде екі рет жасайды. Таңертең балабақшаға келген кезде және түскі ұйқыдан тұрған соң оның үстіне салқын су құяды. 3 жылдан бері шынығып келе жатқан балақай бұған әбден үйренген. «Аталған әдістің арқасында бұрын салқын тиіп, жиі ауыратын ұлымның денсаулығы жақсарды. Соңғы екі жыл тұмаумен ауырған жоқ» дейді анасы. 

Ботакөз Қалжанова, қала тұрғыны:

- Балам бассейнге барғалы иммунитеті көтерілді. Ең бастысы, ауру дегенді ұмыттық. Тамақ ауруы, жөтел деген сияқты. Бұлшық еттері қатайды. Тамаққа тәбеті артты. Сосын өзіне деген сенімділігі десе де болады. Ең бастысы, өзіне ұнайды, балабақшаға асығып келеді. 

Балабақшадағы 373 баланың 60-ы салқын сумен шынығу шарасына қатысады. Ата-аналарының өтінішімен әрине. Балақайлар сондай-ақ аптасына екі рет бассейнге түседі. Мұндағы жаттығулар жарыс түрінде өтеді. Балалар суда жүзуді, тіпті су астында сүңгуді үйренеді. Бүлдіршіндерді мұнан соң ыстық монша күтіп тұрады. Буға жылынған балаларға итмұрын тұнбасы беріледі. 

Аманкүл Оразова, № 58 «Балауса» балабақшасының директоры:

- Бірден салқын сумен далада шынықтырмаймыз. Ол жеңілден күрделіге қарай жүреді. Комнатная температурада салқын сумен шынығады. Жайлап аяқтан бастап шыныққаннан кейін баланы жалаңаяқ далаға алып шығудан бастаймыз. Күз айларында әлі де жылы болады. Жылы күнде баланы жайлап далаға шығарамыз. Сонымен бала қыста да қар болсын, жауын болсын, салқын болсын, жел бослын, оның бәрінде балалар салқын сумен шынығады. 

Балалармен бассейн медбикесі мен арнайы инструкторлар жұмыс істейді. Тәжірибелі мамандар салқын сумен шынығу әдісінің бала ағзасы үшін пайдасының зор екенін айтады. Денсаулықтарының мықты болуына, жүрек қан тамырларының дұрыс жүруіне және иммун жүйесін көтеруге көмегі көп. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы