411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


20 бала тәрбиелеп отырған отбасы баспанаға мұқтаж

  • 339
  • UPD: 08:55, 08.03.2020

20 бала тәрбиелеп отырған Зарина Шумаеваны көпшілік «жүрегі кең ана» деп атайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балалардың барлығы да өз құрсағынан емес, бірақ Зарина оларды бөліп-жармай, аналық мейірімі мен жан жылуын аямауда. Себебі балалар ата-анасы тірі бола тұра, жетім қалған. Зарина бүлдіршіндерді бауырына басып, адаспай өмірден өз орындарын табуы үшін дұрыс тәрбие беруге тырысып жүр. Жаңа отбасына келген балалар бүгін мәз-мейрам, аналарының мерекесіне дайындалып жатыр.

Зарина Шумаева бала кезден жан-жануарларды жақсы көріпті. Бір кездері иесіз қалған жануарларға пана ашуды армандаған. Бірақ тұрмысқа шығып, балалы болған соң, жануарлар түгілі балалардың үй-күйсіз жүргенін көріп қамығады. Өзінің бес баласы бола тұра, жетім балаларды асырап алу ойын күйеуі Шырын да қолдайды. Сөйтіп осыдан 7 жыл бұрын олар алдымен бір қыз баланы асырап алады.

Зарина Шумаева, көпбалалы ана:

– Олар тұрған үй есік-терезесіз болатын. Саңылаулар ескі, құрттап кеткен алашалармен жабылған. Балалар аш жүрді. Бірден көзім осы қызға түсті. «Бізбен барасың ба» деп едім, «иә» деп жауап берді. Ал анасы ойланбастан бере салды. Ол үшін қазір алғыс айтамын.

Осылай бұл отбасы уақыт өткен сайын кеңейе береді. Кейбіреуін даладан жетектеп әкелсе, қайсыбірін тіпті аналары әкеліп тастаған. Яғни мұндағы әр баланың тағдыры әр қилы. Бүгінде Шумаевтар отбасы 20 бала тәрбиелеп отыр. Олардың екеуін жуырда ғана туыстары алып кетіпті. Отбасының ең кішкентайы – 2 жасар Абдолла. Оның туған анасы ішімдікке салынған. Аурушаң баланы дәрігерлер адам болмайды деп, Заринаға ескерткен екен. Бірақ мейірімге бөленген бала айығыпты. 

Зарина Шумаева, көп балалы ана:

– Үй-күйсіз, ата-анасыз қалған балаларға қамқорлық қажет. Жаман бала болмайды. Тек тағдырдың тәлкегімен жаман ортаға түсуі мүмкін. Сондықтан болашақта қылмыс әлемі қайдан пайда болды деп өкінбеу үшін, оларды жақсы ортада тәрбиелеу керек. 

Шумаевтар отбасында барлығы дарынды. Бірі спортпен айналысса, енді бірі сурет салып, ән айтады, тігін тігеді. Құрылысшы әкесі балаларды сылауға және темірді балқытуға үйреткен. Бір қызығы, бұл үйдегі ұл-балалар нан түгілі, тәтті тоқаштарды да өздері пісіреді.

Богдан Светлаков, Шумаевтар отбасының баласы:

– Біз 8 наурыз күнін өте көңілді өткіземіз. Таңертеннен анамызды құттықтаймыз. Ата-анам қыздарға сыйлық жасайды. Біз де өз қолымыздан жасалған сыйлықтарды береміз. Олар қуанып қалады. Сол күні әкемізбен бірге тәтті тоқаш пісіріп, кәуәп, палау дайындаймыз.

Шырын мен Зарина алғашқы кезде қиналғандарын жасырмайды. Балалардың көбінде құжаты болмаған. Дегенмен олар тұрған Абай ауылының әкімшілігі құжаттарды рәсімдеуге, балалардың мектепке орналасуына және спорттық секцияларға баруына мүмкіндік жасапты. Бірақ тосыннан келген тілсіз жау бұл отбасын есеңгіретіп тастады. Ақпанның басында олардың үйлері өртеніп кетті. Оның себеп-салдары қазір анықталуда. Көп балалы отбасы қазір уақытша Алматыдағы балалар үйін паналап жүр. Қайырымды жандардың атсалысуымен жаңа үй сатып алуға қаржы жиналған. Бірақ ол жеткіліксіз болып тұр. Осы күнге дейін ешкімге қол жайып көрмеген отбасы енді көмек қолын созамын дейтіндер болса қарсы емеспіз дейді.  

Авторлары: Алуа Маханбет, Анастасия Вылегжанина, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы