423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай машина құрастыру зауытында арулар ең жауапты қызметтерді атқарады

  • 500
  • UPD: 08:57, 08.03.2020

Қазір отандық автоөндірісте ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген нәзік жандылар да аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қостанай машина құрастыру зауытында арулар ең жауапты бөлімдерде қызмет атқарады. Олар әріптестер арасында құрметке ие әрі зауыттың мақтаулы мамандарының қатарынан көрініп жүр.

Болашақ қазақстандық көліктің шанағы осы цехта дыбыстан оқшауланып, саңылаулары бітеледі. Бұл міндетке Марина Ильина жауапты. Осы учаскеде еңбек етуге тәуекел еткен алғашқы арулардың бірі. Шанақты бекіткіш сұйықтықпен өңдейді және қажетті бітеуіштер орнатады. Қолынан күнде 12 темір тұлпар өтеді.     

Марина Ильина, сырлау цехының маманы:

– Өте жауапты, қыруар еңбекті талап ететін жұмыс. Менің ойымша, жігіттер ұзаққа шыдай алмас. Оларға қарағанда біз әлдеқайда ұқыптырақ, жауапты сияқтымыз. Әрине, қиындық тудыратын сәттер болғанда жігіттер көмекке келеді.

Ал Татьяна Иванова автозауыттағы тәртіпке жауапты. Бірнеше тонналық осындай жәшіктерді орнына қояды. Электрлі жүк тиегішті тізгіндеп жүргеніне биыл бесінші жыл. Өндірісті тежеген емес. Қарқыны ерлерден кем түспейді.

Татьяна Иванова, жүк тиегіш машинаның жүргізушісі:

– Қазір әйелдердің көбісі көлік айдайды ғой. Бұған бәріміздің көзіміз үйренді. Ал бізге жаңадан келген жұмысшылар мені көрсе, таңданысын жасырмайды. Қызығушылық танытып, сан түрлі сауал қояды. «Осы техниканың қарапайым көліктен қандай айырмасы бар, ізді де үйретесіз бе» деп.

Автозауыт басшылығы аруларды жұмысқа қуана-қуана қабылдайды. Өйткені әйелдер әрқашан да тәртіпті, ыждаһаттылығымен ерекшеленеді. Кәсіпорында бір жарым мың адам еңбек етсе, соның 346-сы – әйелдер қауымы.

Динара Шөкежанова, компанияның бірінші вице-президенті:

– Осыдан 9 жыл бұрын кәсіпорынға келгенімде, әкімшілік кешенде әйелдердің үлесі басым еді. Ал қазір әр төртінші қызметкеріміз – нәзік жандылар. Олар ерлермен иық тіресе еңбек етеді.

Қостанайлық сұлулар тек жеңіл машиналар ғана емес, ауыр техникаларды құрастыруға да үлес қосып жүр.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы