448,38 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұтас орталыққа тұтқа болған нәзік жан...

  • 111
  • UPD: 13:54, 08.03.2020

Қыздар нәзік жаралған десек те, олар қазір қоғамдағы кез келген істі тез меңгеріп, табысты атқарып кете алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкері Анел Болғымбаева кинологиялық орталықты басқарады. Полицияның жоғарғы шенді тәртіп сақшысы тек ер азаматтардан құралған ұжымға 20 жылдан бері жетекшілік етеді.

Дәл осындай от пен оқтың ортасында аса қауіпті тапсырмаларды кез келген ит орындай бермейді. Ол үшін иттің икемін жақсы танып, дос бола білу керек, дейді кинолог маман Анел Болғымбаева. Бұл жұмысқа өз қалауымен келгендіктен, алдынан кезіккен кедергілерді еңсере білді. Ит мақұлық болса да, оның да мінез-құлқы, көңіл-күйі мен қалауы бар дейді тәртіп сақшысы. 

Анель Болгумбаева, қалалық полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының басшысы:

– Иттің икемін таба білу керек. Олар да мейірімді ұнатады. Мен олардың әрқайсысына досымдай қарап, мәпелеймін. Бірақ бұл қызметтік иттер болғандықтан, бұйрықты бұлжытпай орындауға үйретемін. Ол үшін әрине уақыт керек.

Кинологиялық орталықтың басшысы өзінің жұмысына тиянақты. Күн сайын иттерді жаттығу алаңында дайындайды. «Бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді». Мысалы, лабродор қажетті заттарды табуға бір жыл үйретілген. Ал өткен айда қызметтік иісшіл иттердің көмегімен ізі суымай адам өлтіру қылмысы бойынша екі іс ашылды. Бір кезде осы орталықтың табалдырығын жас маман болып аттаған Әнел қазір осы қызметтің тізгінін ұстаған, өзіндік ұстанымы бар ұстаз әрі басшы болды.

Дидар Омаров, қалалық полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының басшысының орынбасары:

– Өзінің бойында білетінін бәрін бізге үйретеді. Жұмыстан бөлек, үй жағдайында да барынша бізге көмек көрсетеді. Ешқашан жоқ деп айтпайды. Бір сөзбен айтқанда, өз мамандығының кәсіби маманы.

Әйел болса да, аса күрделі іздестіру шараларына өзі қатысады. Басына қауіп пен қатер төнетінін біле тұра, ештеңкеден тайсалмайды.Талай қылмыскердің ізіне түсіп, қолына кісен салуға атсалысты, дейді әріптестері. 

Анель Болгумбаева, Алматы қалалық полици департаменті кинологиялық қызмет орталығының басшысы:

– Жұмыста мен полиция қызметкері болсам да, үйде екі қыздың анасымын. Олардың саналы да тәртіпті болып өсуін қалаймын. Жануарларды жақсы көру керектігін айтамын. Мен сияқты қыздарым да иттерді ұнатады.

Жалпы иісшіл иттер 70 мыңнан астам сан-алуан иісті ажырата біледі. Ал олардың бұл қабілетін қызметте дұрыс пайдалана білу үшін мол тәжірибе мен мейірім керек дейді кинолог маман. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Александра Салмина, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы