423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаулық нәзік жан жиырма жеті жыл бойы кран жүргізіп келеді

  • 373
  • UPD: 13:55, 08.03.2020

Қазақтың тұңғыш теңіз айлағы – Ақтау портында жүкті кранмен түсіріп, тиеу тәжірибелі маман Лилия Романенкоға тапсырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұмысқа жауапты, өз ісін шебер меңгерген Лилия жиырма жеті жылдан бері абыроймен еңбек етіп келеді.

Лилия отырған кабинаның жерден биіктігі 8 қабатты үймен теңеседі. Тәртіп бойынша ол алдымен техниканы басқару құралдарында ақау жоқтығын тексеріп шығады. Порттық кранды әрі-бері бұрып, жүк көтергіш машинаның іске жарамдылығына көз жеткізеді. Бұдан соң қызу жұмыс басталады. Порттың төрт айлағына қазақстандық және шетелдік кемелер тәулік бойы кіріп-шығады. Оларға әртүрлі жүктерді жұмыс кестесін бұзбай тиеп-түсіру краншылардың міндеті. Жауапты қызметін Лилия мұндағы ер-азаматтармен бірдей атқарып жүр. 

Лилия Романенко, теңіз портының кран жүргізушісі:

– Әкемнің апасы зейнетке шыққанға дейін осындай қызметте болған. Сол кісінің ақылымен бұрын кәсіптік техникалық оқу орнында краншы мамандығын меңгеріп шықтым. Ақтау портына жиырма жасымда келдім. Бастапқыда қорқыныштың болғаны рас. Көз ұзамай, мұндағы крандардың барлығын еркін жүргізуге төселіп алдым. Осында Наташа Калиман есімді ұстазым болды. Тәжірибе жинауыма оның қосқан үлесі зор.

Краншы Лилияның жұмысы докер-механизаторлармен бірлесе атқарылады. Яғни кемеден контейнерді көтеріп жағаға шығару, оны жүк көлігінің шанағына қою сәтінде рация арқылы бағыттап тұрады. Қазіргі уақытта порт айлағына шетелден мұздатылған тауық етін таситын кеме келіп тұр. Рефрижераторлық контейнерлер таяу күндері қырғыз еліне жөнелтілмек. 

Думан Илясов, теңіз портының докер-механизаторы:

– 18 жылдан бері бригадада біздің кран жүргізушісі Лилиямен бірге жұмыс жасап келе жатырмын. Бізбен бірге әріптес болып жүргенін мақтан тұтамыз. Кран жүргізу әйел адам емес, ер адамның өзіне оңай жұмыс емес. Кейін келіп жатқан кран жүргізушілерге өзінің ақылын, тәжірибесін беруге ешқашан аянбайды. Барлығын үйретеді. Адами жағына келсек, мінезі ашық. Ақ көңіл азаматша.

Кәсіби өтілі отыз жылға жуықтаған Лилия Романенко әйелдердің халықаралық мерекесін көп жағдайда жұмыс орнында атап өтеді екен. Осы жолы да ұжымдағы ер-азаматтар әдетімен жаңылған жоқ. Аяулы әріптесіне гүл шоғын сыйлап, қуантты.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы