430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арна жүгін арқалаған арулар

  • 366
  • UPD: 14:25, 08.03.2020

Журналистика әлемі көпшілік қауымға қызық.

Әдетте көрермен эфирден жүргізушілер мен журналистерді ғана көреді. Алайда кадр сыртында мыңдаған сұлулар еңбек етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы телевизия өнімдері бірнеше маманның атсалысуымен эфирге шығатынын біреу білсе, біреу белмейді. Биыл 25-жылдығын атап өткелі отырған «Хабар» Агенттігінің негізі қаланған күннен бастап жұмыс жасап келе жатқан бикештер туралы не білеміз.

Бұл – «Хабар» Агенттігі Алматы филиалының бейнеқоры, яғни-бай қазынасы. Дәл осы жерде эфирден өткен сюжеттер мен деректі фильмдер, бағдарламалар жинақталады. Мұнда негізінен қыз-келіншектер жұмыс жасайды. Олар эфирге шыққан әрбір сюжетті қарап, тіркеуге алады. Қажет кезде журналистерге тарихи кадрлерді тауып береді. Бұрындары ауыр-ауыр кассеталарды көтеріп жүрген болса, қазір заман талабына сай ақпаратты цифрлық жүйеге сақтайды. Осы бейнеқорға телевизия саласында 30-жылға жуық еңбек өтілі бар Халида Барлыбекқызы басшылық етеді. 

Халида Дайыржанова, бейнеқор меңгерушісі:

– Негізі телевизия саласына 1993 жылы келдім. 1995 жылы «Хабар» ашылды. Сол кезде «Хабарға» ауыстым. Жаңалықтарда бейнеинженер болып қызмет еттім. 2000 жылы «Хабардың» базасында «Хабар-2» телеканалы ашылды. Содан сол жерде өзінің бейнеқоры болу керек болып, мені сол жаққа ауыстырды.

Ал бұл – күнделікті жаңалықтарға түсірілген бейне ақпараттарды жинақтайтын аппарат бөлмесі. Мұнда жұмыс әрдайым қызу, кадр сыртындағы дыбыс жазылады, мәтінге сай көрініс таңдалады. Байқағандарыңыздай, мұның барлығы бір қолымен бесікті, бір қолымен заманауи техниканы меңгерген сұлулардың тынымсыз ізденісінің арқасында жүзеге асады. Режиссер мен оның көмекшісі тілшілермен бірге қоян қолтық, иық тіресе күн-түн демей жұмыс істейді. Алайда олардың қызметі кадр сыртында қалады. 

Сәуле Дәулетқалиева, режиссер:

– Әдетте, үйге түнгі сағат 10-11-лерде қайтамыз. Кейде таң атқанша жұмыста боламыз. Қажет кезде, таңғы алтыда түсірілімге барамыз. Біз көпшілік жұрт демалатын мереке күндері де жұмыста боламыз. Ондай кезде тіпті қарбалас болып кетеді. Бірақ маған өз жұмысым ұнайды.

Талай журналистерді шыңдаған ұстаздарымыз Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов осы мамандықты таңдаған қыздарға «бұл сендердің істерің емес, ойланыңдар» деуші еді. 20-ғасыр соңындағы журналистердің ауыр техниканы меңгеру қажет болатынын ескертіп айтқандары болар. Бірақ бүгінде кез келген оқиғаның бел ортасынын ер азаматтармен қатар тайсалмай тікелей эфирде хабар таратып, халықтың көкейтесті мәселесінің оң шешілуіне ықпал етіп жүрген майталман қыз-келіншектер аз емес. Ал олардың әрқайсысы – бір үйдің ибалы келіні, аяулы жары, ардақты ана, сүйікті қызы.

Авторлары: Алуа Маханбет, Ерлан Шалбаев, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы