447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жазасын өтеп жатқан нәзік жандылар бостандықты аңсайды

  • 198
  • UPD: 15:36, 08.03.2020

Бұл күндері жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектер де мерекеге айрықша дайындалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Концерттік бағдарлама ұйымдастырып, дәмді тағам әзірлейді. Бірақ олар үшін бастысы – бостандыққа шығып, ет жақындарымен бірге өмір сүру.

Тоғызқұмалақ, дойбы ойнайды. Қолөнер бұйымдарын жасайды. Одан қалса кітап оқиды. Жазасын өтеуші қыз-келіншектердің ермегі осы. Елдегі қауіпсіздігі барынша төмен түрмеде олар өздерін еркін сезінеді. Себебі еңбек етіп, табыс табады. жақындарымен күн сайын телефон арқылы тілдесе алады. Кейіпкеріміз Кәмилә мерекелік дастархан жаюға әзірленіп жатыр. Бұл жолы мейлінше дәмді тағам әзірлемек.

Кәмилә, сотталушы:

– Біздің мүмкіндіктеріміз соншалықты шектеулі емес. Осында жұмыс істеп, еңбек демалысымды алуға жағдай жасалған. Өйткені, режим бізде жеңілдетілген. Балаларым маған тосынсый әзірлепті. Дегенмен мен үшін басты бақыт – солардың жүзін көріп, дауыстарын есту болып отыр.

Мерекенің лебін сезінген болар, алғашында сұхбат беруден бас тартқан Жәмилә кейін камера алдында сөйлеуге келісім берді. Мерекеде жақындарынан жылылық күтетінін айтты.

Жәмилә, сотталушы:

– 8 наурызда әрине жылуды күтеміз. Мысалы, махаббат. Ең бірінші әйелдерге денсаулық тілеймін. Бұл жерде отырғандарға бостандық тілеймін. Тезірек үйлеріне қайтса деймін.

Түрмедегі әйелдер жасағының басшысы Диана Галеева қыз-келіншектердің жағдайын жақсы түсінеді. Өйткені өзі де нәзік жанды. Жұмысына таң сәріде келіп, ымырт үйірілгенде қайтады. Сотталушы әйелдерге қамқорлығын аямайды.

Диана Галеева, ЕЦ 166/10 мекемесінің жасақ басшысы:

– Сотталушылармен жұмыс істеу әрине оңай емес. Әр қайсысына арнайы көңіл бөлу керек. Жағдайларын түсінуге тырысамыз. Бірақ тек заң аясында көмек көрсетуіміз керек.

Жалпы абақты күзету ерлердің ғана ісі емес екенін байқадық. Қыз-келіншектер бұл салада да жетіп артылады. 18 жылдан бері жазасын өтеушілермен жұмыс істейтін Алма Жүзбаева – солардың бірі. Негізгі міндеті – қылмыскерлерді қоғамға қайта бейімдеу.

Алма Жүзбаева, ЕЦ 166/10 мекемесінің аға инспекторы:

– Бұл әрине өте өкінішті. Әйел адамдардың орны өзінің отбасында болу керек. Олардың балаларымен бірге болғанын қалаймыз. Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Әйел адамның басты міндеті ұрпақ тәрбиелеу деп білемін.

Сотталушылардың арманы – тезірек үйіне, бары бала-шағасына оралу. Әр таңды осындай оймен атырған қыз-келіншектер үшін бостандық сөзінің мағынасы зор. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы