411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облыстық полиция департаментінде 80-нен астам қыз-келіншек қызмет атқарады

  • 275
  • UPD: 09:16, 09.03.2020

Олардың арасында тергеуші де, тәртіп сақшысы да, із кесуші де, жасөспірімдердің ісімен айналысатын инспектор да бар. Нәзік жандардың қиындығы мен ауыртпалығы көп құқық қорғау саласын таңдауына не себеп?

Бір қарағанда полицияның жұмысы тек ер азаматтарға тән сияқты көрінеді. Үнемі қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Ішкі істер саласында әйел затының жұмыс істеуі құптай қоятындай жайт емес. Алайда мамандар нәзік жандардың осындай күрделі құрылымда сәтті жұмыс істейтінін айтады. Әр салада өзіне тапсырылған міндетті мүлтіксіз орындап жүрген қыз-келіншектер бар. Тарихта да ерлермен қатар атқа қонған батыр аналарымыз болған. Олар қазір де бар. Мәселен, Эльмира Әжібек небәрі 20 жаста. Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы. Жастайынан спортты серік еткен бойжеткен каратэ-додан Қазақстанның 7 дүркін чемпионы. Әлем чемпионаның қола жүлдегері. Қазақстанның спорт шебері. Намысшылдығы мен ерік-жігері оны осы салаға алып келді.

Ельмира Әжібек, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы:

- Полиция қызметкері болуымды ата-анам армандаған. Сол кісілердің арманын орындау үшін полиция болдым. Қыз-бала деп полицияда бөлінбейді, бәріміз тең бір адамбыз. Бәрімізге бірдей көзқараспен қарайды. Қарағанды академиясын бітіргеннен кейін 8 ай тергеуші боп жұмыс істедім. Қазіргі таңда штаб тобында аға инспектормын.

Тәртіп сақшыларының болашағынан үлкен үміт күтіп отырған тағы бір бұрымдысы Әйгерім Нұриддин. Ол Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі. Каратэ-додан 1 дәрежелі қара белбеу иегері. Қазір шенді ару Кентау қалалық полиция бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция инспекторы. Мектептерде тәртіп орнатып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Әйгерім Нұриддин, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы:

- Өзім кішкентай кезімнен каратэге қатысқандықтан спорт шебері атанып, спортқа бейім болғандықтан армандадым полиция болсам деп. Маған оңай болды алып кету. Қарағанды академиясын қызыл дипломға бітірдім. Енді білімімді ары қарай жалғастырғым келеді.

Әйгерім отбасындағы екінші қыз, әпкесі тұрмысқа шығып кеткен. Ата-анасы да оның таңдауына қарсы болмапты. Керісінше қолдау білдірген. «Полиция мамандығы жауапты, сонымен қатар қауіпті. Бірақ біз Әйгерімге сенеміз» дейді ата-анасы.

Гүлжан Жүзенова, Ә.Нұриддиннің анасы:

- Өзінің өмірі, өзінің болашағына өзі жауапты ғой. Сол үшін өзінің таңдаған мамандығы, біз әкесі екеуіміз қарсы болмадық. Қолдадық. Өз-өзіне мықты, өзіне сенеді.

Түркістан облыстық полиция департаментінде 80-нен астам қыз-келіншек жұмыс істейді. Олардың 30-ы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, 3-і қылмысты іздестіру бойынша жедел уәкіл, ал 12-сі тергеу бөлімінде қызмет істейді. Қашанда сұлулық пен нәзіктік символына айналған қыз-келіншектер қандай ортада жүрсе де өз ісіне жауапты, тірлігіне тиянақты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы