443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО: Байбура ауылындағы нәзік жан еліміздің үздік жолшысы атағына ие болған

  • 121
  • UPD: 09:18, 09.03.2020

Шығыс Қазақстанда еңбегімен елге сыйлы, ес білгелі темір тұлпар тізгіндеп, жолға қамқор болып жүрген қайсар жан бар. Жұрт оны Байбураның батыр қызы дейді. Әңгіме Қазақстанның үздік жолшысы Гүлдарай Мұхамадиева туралы. Ол өзіне тиесілі Омбы-Майқапшағай тас жолының 161 шақырымына қыста бораннан, көктемде су тасқынынан қалқан болуға әзір. 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Шығыста әдетте қыс 6 айға созылады, биылғы қаңтар, ақпан айларында өңір бораннан тіпті көз ашпады. Алматы-Өскемен, Омбы-Майқапшағай тас жолдары екі күннің бірінде жабылып, жолаушылар діттеген жеріне бара алмай әуре-сарсаңға түсті. Дегенмен, қары қалың, Байбура сияқты қауіпті өткелі бар, қары қалың жауатын Көкпекті бағытындағы жол сайрап жатты. Мұның құпиясы неде? Өйткені мұнда өз ісіне жауапты, жұмысына жұрт сүйсінетін, жолды шекарадан кем күзетпейтін, қайсар мінезді батыр қыз бар. 

Гүлдарай Мұхамадиева, N29 жол пайдалану учаскесінің басшысы:

- Бізде жол бір жабылса, ашу қиын. Өйткені таулы жер, әмбе бораны да қатты. Сондықтан күндіз мәшинелер жүрмесе де басқа жақ жабық жатса да біз ішінде айналып жүре береміз, әйтеуір бір жол болса да өзімізге жақсы деп ойлаймын. Құтқарғаннан кейін бәрі келіп алғыстарын айтып жатады, рақметтерін айтып жатады, қонаққа шақырып жатады. Өзім былай мөлшерлеп санасам, бәрінің үйіне бір-бір қонып шыққанда 5-6 жыл үйде тұрмайтын шығармын деп ойлаймын.

Көкпектілік Гүлдарай Зәкәрияқызы 1979 жылы Семейдегі құрылыс техникумын тәмамдап келген соң еңбек жолын әкесі қызмет еткен жол пайдалану мекемесінде жұмысшы болып бастапты. Содан бері тапжылмай ғұмырын жол саласына арнаған. 

Гүлдарай Мұхамадиева, N29 жол пайдалану учаскесінің басшысы:

- Мектепте оқып жүргенде көремін, автогрейдерді ойлаймын осы машина неге дұрыс жүрмейді, керісінше деп. Сондай қызығушылық болды сол техникаға. Одан кейін анықтадым, сөйтсем ол техника өзінің көп функциясы бар екен, қарды итереді, алдында бульдозері бар, ортасында отвалы тұрады. Сондай техникалармен танысып, одан мастер болып жүргеннен кейін анда-сонда водитель ауырып қалады. Сондай кездерде өзің отырасың, кейде тракторда ауырып қалады, оны даладан әкелу керек. Содан ақырын-ақырын үйрендім, одан дәстүр болып кетті, келген техниканы ең бірінші мен отырып, тексерістен өткіземін.

Талапшыл әрі жан жылуы мен аналық мейірімін аямайтын Гүлдарай апайдың жұмысты ұйымдастыру шеберлігі бүгінде өз еліміз ғана емес, халықаралық «Еңбек Даңқы» кітабында да мойындалған. Соңғы 20 жыл ол басқаратын ұжым – барлық көрсеткіштер бойынша көш басында. 

Нұрғазы Тінібаев, тракторшы:

- Осы халық үшін ғой, ел үшін, далада қалып қоймайсын деп ұмтылады, жанталасады. Өзінің семьясын, үйін де ұмытып, жолға шығып кетеді, далада қалып қоймайсын деп. Өзімізбен бірге жүгіріп, күн-түн демейді. Бірге өзімізбен жолда да жүреді, жанын аямайтын жан.  

Гүлдарай Мұхамадиева, N29 жол пайдалану учаскесінің басшысы:

- Шешем отыр 93-ке  келген апашка. Бұл кісі тосып отырады, мен сенің тілеуіңді тілеп оытрамын деп, келген сайын айтады, амансың ба, әйтеуір жолда деп. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды деп айтады қазақтар , бұл кісі тұрғанда біз әлі баламыз, өзімнің балаларым, немерелерім болса да. Апа, мың жаса! 

Гүлдарай Зәкәрияқызы қыздарын қияға қондырып, немере тәрбиелеп отырған ардақты әже. Еңбегімен ел аузында аңызға айналған батыр қыздың арманы – Шығыс Қазақстанда да халықаралық талаптарға сай жолдар болса дейді. Ол арман да алыс емес. Қазір өңірде жаппай күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Меңсұлу Шаяхметова, анасы:

- Бәрілеріңді 8 наурызбен құттықтаймын! Бәрілеріңіздің жанұяларыңызда жақсылық болсын! Елімізде тыныштық болсын!

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы